«Атамекен» ҰКП кеңесі бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау тәуекелдерін төмендету жөнінде бастамалар көтерді
2026 жылғы 1 сәуірде «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен қылмыстық процесте кәсіпкерлерді қорғаудың институционалдық және құқықтық мәселелері қаралды.
Жиын барысында мемлекет тарапынан экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялау және бизнеске түсетін қысымды азайту бойынша жүйелі саясат жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

2014 жылдан бері экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бес заң қабылданып, құқық қорғау органдарының кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын шектеу бойынша шаралар қабылдануда. Дегенмен, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қолданыстағы құқықтық реттеу адал кәсіпкерлердің қылмыстық процеске тартылуын толық болдырмауға мүмкіндік бермейді.
Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы экономикалық қызмет саласында 967 қылмыстық іс ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. Бұл қылмыс жасалғанын растайтын жеткілікті деректер болмаған жағдайда да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталатынын көрсетеді.
Кеңес қатысушылары қалыптасқан жағдайдың себептерінің бірі ретінде 2015 жылы қылмыс туралы хабарламаларды кәсіпкерлік қызметке араласпай алдын ала бағалауға мүмкіндік берген тексеру институтының жойылуын атады. Қазіргі уақытта барлық арыздар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, кейін процессуалдық әрекеттер жүргізіледі. Бұл негізделген материалдарды іріктеуді қамтамасыз еткен сүзгінің жойылуына алып келді.
Негізсіз тергеп-тексерулерді азайту мақсатында Бас прокуратура 2022 жылы тексерілмеген хабарламаларды тіркеуді шектейтін нұсқаулық шығарған, кейін оның нормалары қылмыстық-процестік заңнамада бекітілді.
Кеңес қатысушылары тексеру институтын қайта енгізу, оның функциялары мен рәсімдерін сотқа дейінгі тергеп-тексеруден нақты ажырату құқықтық олқылықтарды жоюға және негізсіз арыздарды сүзгіден өткізетін тиімді механизм қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы 61,8 мың қылмыстық іс (жалпы санының 31,6%-ы) ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш небәрі 8% болған. Тексеру институтының жойылуынан кейін негізсіз басталған қылмыстық істер санының артуы кәсіпкерлік белсенділікке және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына кері әсерін тигізуде. Қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнама адал азаматтар мен кәсіпкерлерді қылмыстық-құқықтық қатынастарға негізсіз тартуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстанды құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындайтын жаңа Конституция талаптарына толық сәйкес келмейді.
«Қылмыс құрамы да, оқиғасы да болмаған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруге жұмсалған бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылуда», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.
Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша, кәсіпкерлердің құқық бұзушылық фактісі анықталмай тұрып-ақ қылмыстық процеске тартылатыны анықталды. Бұл адал бизнес презумпциясына қайшы келіп, қылмыстық қудалауды қысым құралы ретінде қолдануға жағдай жасайды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жабық сипаты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін қосымша шектейді», – деді Кеңес хатшысы Батыржан Ашитов.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыстық процесте қорғаушы ретінде тек адвокаттар ғана қатыса алады. Бұл халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келмейді және бизнес құқықтарын институционалдық қорғау мүмкіндіктерін шектейді.
Осыған байланысты кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға құқығы бар тұлғалар шеңберін кеңейту, оның ішінде кәсіпкерлер бірлестіктерінің өкілдерін тарту қажеттігі туындап отыр. Бұл қылмыстық процестегі тараптар теңгерімін қалпына келтіруге және бизнес құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Кеңесте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетігі ретінде жеке детективтік қызмет институтын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Халықаралық тәжірибе жеке детективтердің дәлелдемелер жинау, мүлікті іздестіру, жосықсыз бәсекелестікті анықтау және коммерциялық құпияны қорғау салаларындағы тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл институтты дамыту қылмыстық процестегі жарыспалылықты арттырып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтеді.
«Кәсіпкерлерді қылмыстық процесте тиімді қорғау бірнеше құралды үйлестіру арқылы күшейтілуі мүмкін: тексеру институтын қалпына келтіру, кәсіпкерлік қоғамдастық институттарының құқық қорғауға қатысуы және жеке детективтік қызметті дамыту», – деп қорытындылады Қ. Сүлейменов.
Кеңес ұсынысы
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі Әділет министрлігі мен Бас прокуратураға:
қылмыстық-процестік заңнамаға құқықтық мониторинг жүргізіп, ақтайтын негіздер бойынша істердің көп тоқтатылуына алып келген олқылықтарды жоюды, тексеру кезеңін енгізуді және құқық қорғау тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуді;
тексеру институтын, қоғамдық қорғаушы және қоғамдық айыптаушы институттарын енгізудің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік салдарын талқылау үшін дөңгелек үстелдер мен қоғамдық талқылаулар өткізуді ұсынды.
Үкіметке аталған бағыттар бойынша заң жобаларын әзірлеуді заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу ұсынылды.