«Атамекен» ҰКП-да ауыл шаруашылығы кооперативтеріне салық салу ережелерін реформалау мәселесі талқыланды
Бүгін «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңында Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК), ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және «Ауыл аманаты» бағдарламасының Жобалық кеңсесі өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Талқылауға Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы кооперативтерінің салық жүктемесінің тым жоғары болуына байланысты жолдаған өтініші негіз болды.
Мәселен, ҚҚС бойынша шекті мөлшерден асқан жағдайда (2026 жылы — 43 млн теңге), кооперативтер есепке тұруға және бүкіл айналым сомасынан, соның ішінде ауыл тұрғындарына төленетін қаражатты қоса алғанда, ҚҚС пен тиісті табыс салығын төлеуге міндетті.
Сүт жинау кәсібінің тиімділігін сақтап қалу үшін нарық қатысушылары ҚР Салық кодексіне келесідей түзетулер енгізуді ұсынды:
Халықтан сүт сатып алатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АШӨК) ҚҚС төлеуден босату;
Сатып алу ведомостарын салық салу мақсатында шығыстарды растайтын құжат ретінде тану.
Өз кезегінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының Жобалық кеңсесі АШӨК пен жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) әкімшілендіру мәселесін көтерді. Бағдарлама шарты бойынша несие алу үшін ЖҚШ міндетті түрде жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелуі тиіс, бұл кейіннен бір өнімді екі қайтара әкімшілендіруге қатысты сұрақтар туындатады.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов әкімшілендіруді оңтайландыру және жеңілдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бұл мәселені ҚР МКК алаңында егжей-тегжейлі қарауды ұсынды.
Жыл соңына дейін кооператив мүшелерінің мәртебесін және олардың табысына салық салу ережелерін нақты айқындайтын заңнамалық түзетулер қабылданатыны атап өтілді.