Кейбір нысандарда жеке аудит жүргізуге заңмен тыйым салынған

02.04.2026
Кейбір нысандарда жеке аудит жүргізуге заңмен тыйым салынған

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен кеңес өтті.

Изображение

Кездесу «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбеновтың және ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың төрағалығымен өтті. Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, 2024 жылғы маусымда «Азаматтық қорғаныс туралы» заңның 38-бабына мемлекеттік заңды тұлғаларға тиесілі нысандарда тексерістер жүргізуге тыйым салуға қатысты өзгерістер енгізілген. Мысалы, мемлекеттік мектептер өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жеке компаниялар тарапынан аудиттен өтпейді. Бұл құрамында азаматтық жалдамалы қызметкерлерден тұратын кәсіби өртке қарсы қызметі бар нысандарға да қатысты. Олар ірі кәсіпорындарда жұмыс істейді, атап айтқанда «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» ТҰК АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытында. Биіктігі 50 метр және одан жоғары нысандар да жеке аудит үшін жабық. Әдетте, бұл – тұрғын үйлер.

«Алайда, заңнамадағы мұндай өзгерістерге қарамастан, кейде мемлекеттік нысандарда әлі де аудит жүргізіледі. 2024 жылы Тереңкөл аудандық мәдениет үйінде, Ақтоғай аудандық ауруханасында, ақпараттық технологиялар колледжінде, ал 2025 жылы дарынды ұлдарға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатында жеке аудит жүргізілген», – деп мысал келтірді спикер.

Изображение

2026 жылы өңірде мұндай фактілер тіркелмегенімен, басқа облыстарда бұл тәжірибе жалғасуда. Сондықтан ТЖМ тапсырмасы бойынша заңда көрсетілген нысандарға қатысты жеке аудит жүргізуге тыйым салу бағытында бүкіл ел бойынша жұмыс басталды. Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасындағы кеңесте өзге де өзекті мәселелер қаралды. 2025 жылы аудит жүргізу қағидалары өзгергені айтылды. Мысалы, енді оның мерзімі үш айды құрайды.

«Бизнеске азаматтық қорғаныс саласындағы заңнаманы білу және сақтау маңызды. Сондықтан біздің алаңда уәкілетті органдардың қатысуымен осындай кездесулер өтеді. Наурыз айында Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдайлар департаментімен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және бизнес-қоғамдастықпен ашық диалогты дамыту мақсатында меморандумға қол қойды», – деп түсіндірді «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов.

Изображение