Қарағанды облысында жергілікті өндірістегі мектеп формасы бойынша пилоттық жоба іске қосылады
22 мектеп, 3 өндіруші, ата-аналармен тікелей жұмыс және толық бақылау циклі — Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы оқушыларды заманауи бірыңғай мектеп формасымен қамтамасыз ету тетігін таныстырды. Жоба 2026–2027 оқу жылында басталып, мектеп формасының сапасы мен қолжетімділігін арттырумен қатар, отандық өндірушілерді қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірде салық түсімдерін сақтауға бағытталған.
Кеңеске пилоттық мектептердің басшылары, облыстық білім басқармасының өкілдері, мектеп формасын өндірушілер және Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің мүшелері қатысты. Негізгі қағидат — барлық 22 мектеп тек қарағандылық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
Жоба 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026–2027 оқу жылында мектептер, ата-аналар және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл моделі пилоттық режимде сынақтан өткізіледі. 2028–2029 жылдары жоба сәтті іске асқан жағдайда, ол бүкіл өңірге кеңейтіледі, ал 2030 жылға қарай мектеп формасымен қамтамасыз етудің тұрақты өңірлік жүйесін қалыптастыру жоспарланған.
«15 мамырға дейін әр пилоттық мектеп форма жиынтығы мен дизайнын бекітеді, оқушылар саны мен өлшемдер кестесін өндірушілерге ұсынады. 15 тамызға дейін негізгі өнім көлемі дайындалады. Тамыз айында өлшеп көру және тарату ұйымдастырылады. 1 қыркүйекте пилоттық мектептердің 1–7 сынып оқушылары бірыңғай формада келеді», — деп мерзімдерді нақтылады Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Андрей Шмарин.
Жобаның алғашқы кезеңінің маңызды ерекшелігі — мектеп формасын тарату тікелей білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Әрбір өндіруші нақты мектептерге бекітіледі. Әр ата-анамен жеке келісімшарт жасалып, форма тігу және жеткізу шарттары, сондай-ақ төлем тәртібі келісілетін болады.
«Бірінші жылы біз мектептермен тікелей жұмыс істейміз. Бұл барлық ұсыныстарды ескеруге, өлшеп көруді ұйымдастыруға және қажет болған жағдайда өнімді жедел ауыстыруға мүмкіндік береді. Өндірушілер жақын орналасқандықтан, кері байланыс тұрақты болады», — деді Андрей Шмарин.
Алдағы уақытта, 2029 жылға қарай мектеп формасын өңірдің сауда желілері арқылы сату жоспарлануда. Бұл ата-аналарға қажетті бұйымдарды бөлшек сауда орындарынан еркін сатып алуға мүмкіндік береді.
Жобада әлеуметтік осал санаттарға ерекше назар аударылған. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын балалар осы қаражат есебінен мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Көпбалалы отбасылар үшін өндірушілер жеңілдіктер мен қолжетімді бағалар ұсынуға дайын. Ал сыныптық тапсырыс көлемі үлкен болған жағдайда, ең мұқтаж балаларға бір-екі комплект тегін беріледі.
«Біз бір, ал сынып үлкен болса — екі комплектке дейін тегін беруге дайынбыз. Үлкен тапсырыс кезінде өндірушілерде мұндай мүмкіндік әрдайым болады. Әлеуметтік бағыт — бұл жобаның әділдігі мен нәтижелілігінің негізгі көрсеткіші», — деп атап өтті Андрей Шмарин.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Қазақстандағы мектеп формасының нарығы шамамен 100 млрд теңгені құрайды, оның 90%-ы Қырғызстан, Қытай және Түркияға кетеді. Соңғы 2–3 жылда қарағандылық өндірушілер саны 10–15-тен 2–3 компанияға дейін қысқарған.
Жобаның салықтық әсері өңірлік бюджет үшін маңызды деп бағалануда. Жобаға қатысушылардың барлығы жалпыға бірдей салық салу режимінде жұмыс істейді.
«Комплект құнының кемінде 40%-ы — бұл біздің кәсіпорындар төлейтін салықтар. Олар толық еңбекақы қорын, әлеуметтік төлемдерді, ҚҚС пен КТС төлейді. Яғни ата-аналар төлеген қаражаттың шамамен 40–45%-ы өңірде қалып, әлеуметтік бағдарламаларға бағытталады», — деп түсіндірді Андрей Шмарин.
Жоба дуалды білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Қатысушы кәсіпорындар өңір колледждерімен ұзақ жылдан бері ынтымақтастық орнатып, студенттерді бірінші курстан бастап өндіріске тартып келеді.
«Біздің кәсіпорындар дуалды білім беру жүйесіне белсенді қатысады. Біз колледж студенттерін бірінші курстан бастап жұмысқа тартамыз. Бүгінде олардың көпшілігі дайын маман ретінде шығады — олар өндірістік жабдықпен жұмыс істеуді меңгерген. Бұл жоба кешегі мектеп түлектерінің білікті тігінші болуына мүмкіндік береді», — деді «Ютария ltd өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС директоры Сауле Шауенова.
Пилоттық жобаның сәтті іске асуы оны Қазақстанның басқа өңірлерінде де енгізуге негіз болмақ.
«Пилоттық жоба кеңейтілмейді — 2026–2027 оқу жылында біз тек 22 мектеппен жұмыс істейміз. Бұл — модельді сынақтан өткізу кезеңі. 2028–2029 жылдары жоба сәтті болса, бүкіл облысқа кеңейтеміз. 2030 жылға қарай тұрақты өңірлік жүйеге шығамыз. Біздің тәжірибемізді басқа өңірлер де зерделеуде», — деп қорытындылады Андрей Шмарин.
Алдағы ірі кездесу Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайында өтеді. Оған ата-аналар комитеттері мен пилоттық мектептердің басшылығы қатысады. Сәуір айынан бастап өндірушілер мектептерге барып, үлгілерді таныстырып, ата-аналармен кездесулер өткізеді.