Өнімнің технологиялық деңгейі. Жаһандық бәсекелестік: Машина жасаушылар форумында талқыланған мәселелер
Бүгін Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтті. Аталмыш форумға 1300-ден астам делегат қатысты. Оның ішінде Австрия, Германия, Италия, ҚХР және басқа да 20-дан астам елден келген жетекші өндірушілер, мамандар мен бизнес өкілдері бар. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде елімізде салаларды жаңғырту мен экономиканың тұрақты өсуінің институционалдық негізіне айналған жаңа Конституцияның қабылданғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов елімізде машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті – әділ және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту.
Өткен жылы машина жасау өндірісі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 13%-ға өсті. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға батыл шығуда, соңғы 5 жылда экспорт көлемі екі еседен асып, $1,3 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін жетті. Республика бойынша барлығы 4 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді, онда 130 мыңнан астам білікті маман еңбек етеді.
Негізгі капиталға тартылатын инвестицияның үштен бірге өсуі – 376 млрд теңгеге жетуі саланы әрі қарай жаңғыртуға негіз болады. Барлық негізгі бағытта, оның ішінде, автомобиль, ауыл шаруашылығы, теміржол және электротехникалық машина жасау салаларында оң серпін байқалады.

«Өнімнің технологиялық деңгейі жаһандық бәсекелестік жағдайында негізгі факторлардың біріне айналуда. Шын мәнінде, бұл – цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз. Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер аясында ерекше маңызға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Бұл жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина жасау саласын да технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді», - деді Олжас Бектенов.
Пленарлық отырыс барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың машина жасау және өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнестің қаржыландыруға, ұзақ мерзімді тапсырыстарға, технологияларға және өнеркәсіптік кооперацияға қол жеткізуі үшін қандай жүйелі шараларды іске асыру қажеттігі жөніндегі сұрағына жауап берді.

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі ШОБ үлесі 98,9%-ды құрайды (оның ішінде машина жасаудағы ШОБ үлесі – 19,3%, бұл 4 467 кәсіпорын).
«Машина жасау саласы үшін шағын және орта бизнестің дамуы стратегиялық маңызға ие. Себебі компонент өндірушілер, сервистік компаниялар, құрал-жабдық және инжинирингтік бизнес дамымайынша, ел ішінде толыққанды қосылған құн тізбегін қалыптастыру мүмкін емес. Еуразиялық экономикалық одақтың өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінде Қазақстан Республикасының үлесі 23%-ға жетеді. Бұл елдің ЕАЭО-ның өнеркәсіптік әлеуетіне қосып отырған елеулі үлесін көрсетеді», - деді Ұлттық палатаның төрағасы.
Жалпы, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі құрылымында машина жасау саласының үлесі 18,6%. Сондықтан да ол жетекші салалардың қатарына кіреді. Мәселен, ЕАЭО-ның басқа елдерінде бұл көрсеткіш төмендеу. Атап айтар болсақ, Арменияда – 14,4%, Қырғызстанда – 1,5% (Ресей Федерациясын қоспағанда, ондағы көрсеткіш 21,9%-ға жетіп отыр).
Қанат Шарлапаев өз сөзінде машина жасаудағы шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы үшін бір реттік жеңілдіктер емес, болжамды және жүйелі орта қажеттігін жеткізді. Спикер бизнеске анық өткізу нарығы, қолжетімді қаржыландыру, ірі кәсіпорындардың кооперациялық тізіміне ену мүмкіндігі секілді үш негізгі жағдай жасалуы керектігін айтты.

Біріншісі – ұзақ мерзімді тапсырыс және кепілді өткізу нарығы.
Егер ШОБ-тың болжамды келісімшарт портфелі болмаса, ол жабдыққа, сапа стандарттарына және кадр даярлауға инвестиция жасай алмайды. Сондықтан оффтейк-келісімшарттар, субконтрактация механизмдері, квоталар және шағын өндірушілердің ірі компаниялар мен мемлекеттік жобалардың сатып алуларына қатысуының түсінікті ережелері қажет. «Ұзақ мерзімді тапсырыс болған жағдайда ғана ШОБ даму жоспарларын жасап, өндірісті жаңғыртып, жеткізілім сапасы мен мерзіміне жауапкершілік ала алады», - дейді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы.
Екіншісі – қаржыландыруға қолжетімділік.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, машина жасау саласындағы ШОБ үшін жабдық алуға жеңілдетілген несиелер мен лизинг, тапсырысқа байланысты айналым қорын қаржыландыру, сондай-ақ кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралдары өте маңызды. Сонымен қатар, қаржыландыру формалды критерийлерге емес, нақты өндірістік жобаларға және кәсіпорынның нақты рөлі, расталған сұранысы мен өсу перспективалары бар кооперациялық тізбектерге негізделуі тиіс.
Үшіншісі – транзакциялық шығындарды азайту.
Шағын және орта бизнеске сатып алу, стандарттау, сертификаттау және өнеркәсіптік кооперация бойынша бірыңғай цифрлық терезелер қажет. Сондай-ақ индустриялық инфрақұрылымға, жерге, техникалық шарттарға және инжинирингтік қолдауға тезірек қол жеткізу маңызды. Әкімшілік және ұйымдастырушылық кедергілер азайған сайын, ШОБ өндірістік тізбектерге жылдамырақ қосылып, саладағы рөлін кеңейте алады.
«Бұл шаралардың барлығы локализация саясаты және экспортты ілгерілету саясатымен үйлестірілуі өте маңызды. Сонда ғана шағын және орта бизнес Қазақстан машина жасау саласының өсуіне ықпал еткен толыққанды қатысушыға айналады. Бұл жұмыста Ұлттық палата ірі компаниялар мен шағын кәсіпорындарды бірыңғай жеткізу тізбектеріне біріктіру, ұзақ мерзімді әріптестікке жағдай жасау және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, негізгі үйлестіруші және интегратор рөлін атқара алады», - деп Қанат Шарлапаев өз сөзін түйіндеді.
Форум аясында Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесі ұйымдастырылды. Онда қатысушылар отандық компаниялардың жаңа өндірістік желілерді ашу, локализациялауды ұлғайту және шығарылатын техника желісін кеңейту жөніндегі жоспарларымен танысты.

Kazakhstan Machinery Fair 2026-да 24 елдің өндірушілердің өнімдері ұсынылды. Жыл сайынғы көрме іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестициялар тартуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның өнеркәсіптік компаниялары мен жалпы өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға арналған тиімді алаңға айналды.