Жер қойнауы, инвестициялар және технологиялар: Орталық Азия дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

03.04.2026
Жер қойнауы, инвестициялар және технологиялар: Орталық Азия дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

Тәуелсіздік сарайында Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ұлттық геологиялық қызметтер, халықаралық компаниялар және сарапшылар қауымдастығын біріктірген Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы өтті.  

Форум геология саласындағы кәсіби диалогқа арналған жаңа өңірлік алаңға айналып, саланың негізгі сын-қатерлерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жер қойнауын ұтымды әрі тұрақты пайдалану бойынша ортақ тәсілдерді қалыптастыруға бағытталды.  

Орталық Азия аймағы елеулі минералдық-шикізаттық әлеуетке ие. Бұл әлеует – өңірдің экономикалық дамуының, өнеркәсіптік жаңғыртудың және энергетикалық қауіпсіздігінің негізі. Сонымен қатар дәстүрлі кен орындарының сарқылуынан бастап, терең қабаттардағы және қолжетімділігі қиын аймақтардағы ресурстарды игеру қажеттілігіне дейінгі  бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.

Форум аясында «Орталық Азияның минералдық ресурстары: стратегия және жаңа көкжиектер» атты панельдік сессия өтті. Онда саланы реформалау, минералдық-шикізат базасын дамыту, инвестициялар тарту, геологиялық барлауда халықаралық стандарттар мен заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланудың экологиялық және әлеуметтік аспектілері талқыланды.  

Сессияға «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова белсенді қатысып, саланы дамытудағы негізгі бағыттар бойынша бизнестің ұстанымын таныстырды.  

«Геология – бұл жай ғана сала емес, ол экономикалық болашақтың негізі. Бүгін біз тек ресурстар үшін ғана емес, сонымен қатар инвестициялар, технологиялар және сенім үшін де бәсекеге түсіп отырмыз», – деп атап өтті Г. Бижанова.  

Изображение

Оның айтуынша, Орталық Азия халықаралық және ұлттық компанияларды белсенді ұйыстырған аймаққа айналып келеді. Инвестициялар көбінесе ережелері айқын, реттеуші ортасы тұрақты және геологиялық ақпаратқа қолжетімділігі бар елдерге бағытталады.  

Сондай-ақ ол «Атамекен» ҰКП атынан сала өкілдерін алдағы кәсіби мереке – Геологтар күнімен құттықтап, олардың елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.  

Гүлнар Бижанова өз баяндамасында Қазақстанның минералдық-шикізат базасын нығайту және геологиялық барлауды жүйелі түрде дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударып, геологиялық барлаудағы жетістіктер экономиканың тұрақты өсуіне, жаңа кен орындарын ашуға және пайдалы қазбалар қорын толықтыруға тікелей әсер ететініне тоқталды.  

Бизнес қауымдастығы атап өткен негізгі басымдықтар:

• болжамды және түсінікті реттеуші ортаны қалыптастыру;

• геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;

• инвесторлар үшін ашық және айқын жағдайлар жасау;

• фискалдық жүктеме мен инвестициялық тартымдылық арасындағы теңгерімді сақтау.  

Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастығын күшейту қажеттілігі ерекше атап өтілді. Бұл үшін тәсілдерді үйлестіру, деректер алмасу және халықаралық стандарттарды енгізу маңызды.  

«Өңірдің әлеуеті өте зор. Мәселе – біз оны тұрақты экономикалық өсімге айналдыра аламыз ба деген сұрақта. Жүйелі әрі бірлескен жұмыс болған жағдайда, біз бұған қол жеткізе аламыз», – деп түйіндеді Г. Бижанова.  

Изображение

Сөз соңында ол Қазақстанның геологиялық барлау саласының болашағы жер қойнауын тиімді зерттеуге, заманауи технологияларды енгізуге және инвестициялар тартуға тікелей байланысты екенін атап өтті.  

«Қаныш Сәтбаев айтқандай, жер қойнауының байлығы – тек табиғи мұра ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Оларды ұтымды зерттеу және игеру – мемлекеттің тұрақты дамуының кілті», – деді ол.  

Оның айтуынша, бай тарихи мұра мен заманауи тәсілдерге сүйене отырып, Қазақстанның геологиялық барлау саласы алдағы уақытта да елдің экономикалық өсуі мен өркендеуінің сенімді негізі бола бермек.