Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді

03.04.2026
Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді

Қарағанды облысында 2026–2027 жылдарға арналған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың кешенді жол картасы бекітілді. Құжат Кәсіпкерлер палатасының алаңында таныстырылды. Жол картасы өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және жүйелі қолдау мақсатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алпысовтың шешімімен бекітілді.

Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қапаевтың айтуынша, жол картасы бес негізгі бағытты қамтиды: ұйымдастырушылық іс-шаралар, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, мүліктік және инфрақұрылымдық қолдау, қаржылық құралдар, сондай-ақ оқыту және кадрларды дамыту. Құжат әлеуметтік бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін күшейтуге және инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған.

Сәуір айында тізілім жаңартылғаннан кейін әлеуметтік кәсіпкерлермен көшпелі кездесулер өткізу жоспарлануда. Оның мақсаты — жобалардың қызметін зерделеу, проблемалық мәселелерді анықтау және оларды ілгерілету үшін бейнематериалдар дайындау.

Талқылау барысында мүліктік және қаржылық қолдау мәселелері көтерілді. Әлеуметтік кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін гранттарға үміткер бола алады.

Оқытуға да ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпкерлерге халықаралық жобаларды қоса алғанда, білім беру бағдарламалары, сондай-ақ бизнесті жүргізудің заманауи құралдары бойынша арнайы курстар қолжетімді.

«Бізде Германия және Жапония серіктестерімен жүзеге асырылатын “Іскерлік байланыстар” жобасы бар — қазіргі уақытта қатысушыларды қабылдау жүргізілуде. Ай сайын мемлекеттік органдардың қатысуымен маркетплейстер, жасанды интеллект және мемлекеттік бағдарламалар бойынша семинарлар өткізіледі», — деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Ернар Күлпейісов.

Кәсіпкерлер палатасында жол картасы қосымша бюджет қаражатын талап етпейтіні және қолданыстағы қолдау құралдары аясында жүзеге асырылатыны атап өтілді. Құжатта нақты мерзімдер мен жауапты орындаушылар белгіленген.

Жол картасын іске асыру әлеуметтік кәсіпкерліктің танымалдылығын арттырып, оның өңірде дамуына қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.