Шығыс Қазақстанда «Мен – кәсіпкермін» байқауы басталды: үздік идеяларды іріктеуге бизнес қауымдастығы қосылуда
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған жыл сайынғы «Мен – кәсіпкермін» байқауын өткізуге байланысты кәсіпкерлермен ұйымдастырушылық кездесу өтті. Диалог алаңы бизнес, білім беру саласының өкілдерін және жоба ұйымдастырушыларын біріктіріп, барлық тарап алдағы іріктеу кезеңдерінің негізгі бағыттарын және жастар бастамаларын дамытудағы кәсіпкерлер қауымдастығының рөлін талқылады.
Кездесудің басты тақырыбы – байқауға бизнес өкілдерінің қазылар алқасының мүшелері мен салалық сарапшылар ретінде қатысуы болды. Кәсіпкерлер өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісуге, қатысушылардың жобаларын бағалауға және оларды жетілдіруге көмектесуге дайын екендіктерін білдірді. Мұндай өзара іс-қимыл форматы байқауды нақты бизнес жүргізу жағдайларына барынша жақындатып, ұсынылатын идеялардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Мен – кәсіпкермін» байқауы өңірде тоғызыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бұл жоба алғаш рет Шығыс Қазақстанда бастау алған және бүгінде үшінші жыл қатарынан республикалық деңгейде де жүзеге асырылып отыр. Байқауға Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетеді, соның арқасында оған қатысу педагогтардың аттестаттаудан өтуі кезінде ғылыми қызмет ретінде есепке алынады.
Турнирді ұйымдастырушылар – Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен», Қазақстан-Американдық еркін университеті және Өскемен экономика және техника колледжі.
Қазіргі уақытта қатысуға өтінімдер қабылдануда. Байқаудың негізгі ұйымдастырушыларының бірі – Өскемен экономика және техника колледжінің директоры Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 79 өтінім қабылданып, 19 колледж бен облыстың 12 мектебінен 118 қатысушы тіркелген.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: оқу орындарындағы ішкі іріктеуден бастап жобаларды сараптамалық бағалауға дейін. Турнирдің финалы 2026 жылғы 20 сәуірде бизнес-идеяларды көпшілік алдында қорғау форматында өтеді.
Қатысушылардың жұмыстары заманауи экономиканың негізгі салаларын қамтитын он бағыт бойынша бағаланады: әлеуметтік кәсіпкерлік; сауда; қонақүй ісі және қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру; өндіріс, технологиялар және ауыл шаруашылығы; шоу-бизнес, мәдениет және өнер; дизайн және креативті индустриялар; білім беру, ақпарат және цифрлық технологиялар; медицина, денсаулық сақтау және сұлулық индустриясы; туризм; көлік және логистика.
Турнирге 14 пен 20 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері жеке немесе үш адамға дейінгі команда құрамында қатыса алады. Бұл ретте әрбір қатысушыдан немесе командадан тек бір жоба ғана қабылданады.
Жеңімпаздар Шығыс Қазақстан облысының намысын республикалық кезеңде қорғайды. Өңір қатысушылары бұған дейін де жақсы нәтижелер көрсеткен: 2024 жылы бір екінші орын, ал 2025 жылы екі үшінші орын иеленген.
Турнир қорытындысы бойынша әр бағыт бойынша жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Асет Әділхан атап өткендей, «Мен – кәсіпкермін» байқауы талантты жастарды анықтап қана қоймай, олардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастырады, жобалық жұмыс дағдыларын дамытады және нақты бизнес өкілдерінен кәсіби баға алуға мүмкіндік береді.