Қауіпсіздік – басты басымдық: «Тыныс» заманауи газ баллондарын өндіруді іске қосты
«Тыныс» АҚ 27 литрлік тұрмыстық газ баллондарын жаппай өндіруді іске қосып, өндірістік қуаттарын айтарлықтай кеңейтті. Кәсіпорында жұмыс сапарымен болған Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары материалдарды дайындаудан бастап дайын өнімді түпкілікті құрастыруға дейінгі толық технологиялық циклмен танысты.
Кәсіпорынның өндірістік базасы толық цикл қағидаты негізінде қалыптастырылған, бұл сапаны әр кезеңде бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде «Тыныс» АҚ тұрақты өсім динамикасын көрсетіп, жаңа индустриялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруда. Негізгі бағыттардың бірі – отандық тұрмыстық газ баллондарын жаппай өндіруді қайта жандандыру. Өнім сапасы ЕАC сәйкестік сертификатымен расталған, бұл ауқымды өндірісті жолға қоюға және өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Өндірілетін 27 литрлік тұрмыстық газ баллондары ВБ-2П жарылыстан қорғайтын сақтандырғыш түсіру клапанымен жабдықталған. Ол қысым 1,6 МПа-дан асқан жағдайда іске қосылып, мысалы, өрт кезінде қызу әсерінен баллонның бұзылуын болдырмайды. Сонымен қатар вентиль конструкциясында клапанды жанбайтын икемді шланг арқылы атмосфераға шығару мүмкіндігі қарастырылған», — деп хабарлады зауыттың техникалық департаментінің бастығы – бас технолог Ерғали Малғаждаров.
Сәйкестік сертификатының болуы кәсіпорынға бүгіннің өзінде жылына 60 мыңға дейін баллон шығаруға мүмкіндік береді, ал алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлануда. Болашақта зауыт 10 және 50 литрлік баллондарды өндіруді игеріп, өнім желісін кеңейтуді көздейді.
Сонымен қатар маркетинг және сату бөлімдері өнімді ілгерілету, клиенттік базаны кеңейту және іскерлік байланыстарды нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. 1–3 сәуір аралығында кәсіпорын өнімі Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесінде ұсынылып, тұрмыстық газ баллондары қатысушылар мен келушілердің елеулі қызығушылығын тудырды.
Көрме аясында компания мамандары әлеуетті серіктестермен және тапсырыс берушілермен бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл кездесулер іскерлік байланыстарды кеңейтіп қана қоймай, одан арғы ынтымақтастықтың нақты перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді. Өнімге деген қызығушылық оның жоғары сапасымен, халықаралық стандарттарға сәйкестігімен және кең тұтынушылар тобы үшін өзектілігімен түсіндіріледі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшыларының сапары барысында өнеркәсіптік және тұрмыстық қауіпсіздік мәселелеріне, сондай-ақ өнімнің техникалық реттеу талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
«Бүгінде сапа талаптарына толық сәйкес келетін газ баллондарын өндіру халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айрықша маңызға ие. Бұл саладағы барлық нормалар мен стандарттарды сақтау – жай талап емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Кәсіпорында қауіпсіздік пен сапаны бақылау барлық кезеңдерде жүйелі түрде жолға қойылғанын көріп отырмыз», — деп атап өтті Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
Айта кетейік, «Тыныс» АҚ – Қазақстандағы ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі (бұрынғы оттекті-тыныс алу аппаратурасы зауыты). 1959 жылы құрылған кәсіпорын авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттарды, күштік құрылымдарға арналған амуницияны, өрт сөндіргіштер мен өртке қарсы жабдықтарды, медициналық бұйымдарды, газификацияланатын үлгілер бойынша құю өнімдерін, сондай-ақ өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарларды өндіруде көпжылдық тәжірибеге ие.