Петропавл оқушыларына бизнестегі табыс сырлары айтылды
СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңес мүшелері Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 10-сынып оқушыларымен кездесті. Шара мектептегі кәсіби бағдар беруге бағытталған «Ашық алаң» жобасы аясында «Кәсіпкерлік – табысқа апарар жол» тақырыбында өтті.
М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің педагог-кәсіби бағдар берушісі Роза Кабиеваның айтуынша, бүгінгі кездесудің басты мақсаты — жасөспірімдерді бизнес әлемімен таныстырып қана қоймай, олардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу.
«Біздің «Ашық алаң» жобамыздың жұмыс істеп жатқанына үш жыл болды. Түрлі мамандықтарды дәріптеу мақсатында айына бір рет осы алаңға түрлі сала өкілдерін шақырамыз. Бұл оқушыларға кез келген кәсіптің қыр-сырын сол саланың маманынан тікелей естуге мүмкіндік береді. Оқу жылы басталғалы бұл кәсіпкерлермен өткен үшінші кездесу», - деді Роза Кабиева.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Әсел Құнанова оқушыларға кәсіпкерліктің тек жігерден емес, қолдау тетіктерін нақты түсінуден басталатынын түсіндірді.
Ол стартап-жобаларға арналған гранттар тақырыбына ерекше тоқталды. Мектеп оқушылары болашағы бар идея мен сауатты бизнес-жоспар болса, мемлекеттен де, өзге де ұйымдардан қаржылай көмек алуға болатынын білді.
«Бүгінгі таңда дәл мектеп оқушыларының стартап-жобаларына арналған гранттар да бар. Мысалы, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай бизнес-идеялар байқауын өткізді. Оған облысымыздың 14 жастан асқан тұрғындары қатыса алды. Гранттар төрт бағыт бойынша — шығармашылық, экономика, IT және бұқаралық ақпарат құралдары бойынша сарапқа салынды. Грант сомасы 100-ден 300 мың теңгеге дейін, бұл өте көп болмаса да, осы жаста өз әлеуетіңді іске асыру мен бизнес-модельді тексеріп көру үшін тамаша қолдау», - деп түйіндеді Әсел Құнанова.
Ал нақты тәжірибеге келер болсақ, қазіргі табысты бизнес-ханымдар өздерінің шабыттандырар оқиғаларымен бөлісті. Салааралық кеңес мүшелері табысқа жету жолы «әдемі суреттерден» емес, қажырлы еңбек пен табандылықтан тұратынын ашып айтты.
«Style project» ЖШС директоры Ғалия Жұмағожина өз жетістігінің негізінде сирек кездесетін қасиет - ерекше қайсарлық жатқанын жеткізді. Ғалияның мамандыққа бет бұруы 9-сыныптан басталып, сол кезде-ақ ол университетке түсуге мақсатты түрде дайындалған. Бұл мінез оған мансап жолында да көмектесті: ол оқытушыдан Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің құрылыс бөлімі меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті. Соңғы үш жылда жинаған тәжірибесін қолдана отырып, жобалау ұйымын басқаруда бизнесте өзін сәтті көрсетіп келеді.
«Ісіңіз жүрек қалауымен болуы керек. Егер айналысып жатқан ісіңізді жақсы көрсеңіз, міндетті түрде табысқа жетесіз. Ештеңеден қорықпаңыздар, жақсы идея келді ме — іске кірісіңіздер, себебі кез келген ой небәрі үш күн ғана өмір сүреді. Тағы бір маңызды кеңес — табысыңыз қаншалықты аз болса да, оның 10 пайызын тұрақты түрде жинап, «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыруды үйреніңіздер. Бұл дағдыны дамыту үшін Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам» кітабын оқуға кеңес беремін», - деді Ғалия Жұмағожина.
Салааралық кеңестің тағы бір мүшесі, «Language transform» білім беру орталығының жетекшісі Екатерина Сидоранская білім беру саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, заманауи білім мен тіл білу кез келген істі кеңейтудің іргетасы екенін атап өтті.
«Мен кәсіпкерлікте 15 жылдан бері жүрмін, соңғы 7 жылда жеке білім беру орталығым жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде білім саласында еңбек еткеніме еш өкінген емеспін. Себебі білім барлық уақытта өзекті болып қала береді. Қазір сіздердің жастарыңызда тек жақсы оқу ғана емес, болашақта немен айналысатыныңызды, бүгіннен бастап қандай күшті жақтарыңызды дамыту керектігін түсіну маңызды. Білім мен өзін-өзі дамытудан бөлек, мотивацияның болуы да шарт. Кәсіпкер - табатын табысы тек өзіне, оның бүгінгі және ертеңгі әрекетіне байланысты екенін нақты түсінетін адам», – деп түйіндеді Екатерина Сидоранская.
Кездесу соңында оқушылар пікірталасқа белсенді қатысып, бизнестегі алғашқы қадамдар туралы ғана емес, сәтсіздіктер, тәуекелдер және қиындықтарды жеңуге қажетті қасиеттер туралы сұрақтар қойды. Қонақтар жастарға қателіктерден қорықпауға, өйткені бұл - баға жетпес тәжірибе, үнемі оқуға және қаржылық сауаттылықты ерте жастан меңгеруге кеңес берді.