Атырауда «Freedom Bank» филиалы мен Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Freedom Bank» АҚ Атырау қаласындағы филиалы мен өңірлік Кәсіпкерлер палатасы арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжаттың негізгі мақсаты – өңірде кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдай жасау. Тараптар өзара іс-қимылды тәжірибе, ақпараттық және техникалық ресурстарды біріктіру, сондай-ақ әдістемелік және консультациялық қолдау көрсету арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ынтымақтастық бизнеске қатысты өзекті мәселелер бойынша бірлескен іс-шараларды жоспарлау және іске асыруға бағытталады.
«Freedom Bank» АҚ Атырау қаласындағы филиалының директоры Ілияс Журунов келісімнің маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қою – өңір кәсіпкерлерін дамыту мен қолдауға бағытталған маңызды қадам. Банк әрқашан жергілікті бизнесті қаржыландыру, банк қызметтерін ұсыну, сондай-ақ жеңілдетілген және цифрлық өнімдер арқылы қолдауға дайын. Палатаға ынтымақтастық пен бастамасы үшін алғыс білдіреміз. Бірлескен жұмысымыз нәтижелі болып, өңірлік бизнестің дамуына нақты үлес қосады деп сенеміз. Қазіргі таңда кәсіпкерлер арасында кепілдіктер мен цифрлық бизнес-несиеге сұраныс жоғары. Бұл өнім кез келген меншік нысанындағы бизнес үшін қолайлы. Біз бір күн ішінде айналым қаражатын қаржыландыру бойынша шешім қабылдап, қаражат бере аламыз – бұл жылдам, тиімді әрі қолжетімді», - деді ол.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев қаржы институттарымен әріптестіктің маңызын атап өтті.
«Аталған меморандумға қол қою – қаржы институттары мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды қадамы. Бүгінде бизнеске қолжетімді әрі жедел қаржы құралдары, сондай-ақ сапалы консультациялық қолдау қажет. Freedom Bank-пен бірлескен жұмыс кәсіпкерлердің заманауи банк өнімдеріне қол жеткізуін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін береді деп сенемін», - деді Нұрлан Сүйінбаев.
Меморандумды іске асыру нәтижесінде өңір кәсіпкерлері үшін қаржылық қолжетімділік артып, Атырау облысындағы бизнес бастамаларға қолдау күшейеді деп күтілуде.