Қарағанды облысындағы туризмді дамыту: инфрақұрылымға 8,8 млрд теңге және бизнеспен тікелей диалог
Қарағандыда 2026 жылғы жазғы маусымға дайындық мәселелері бойынша Туризм жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде — қаржыландырудың айтарлықтай артуы, Балқаш көліне дейінгі логистиканы жақсарту және рекреациялық аймақтардағы кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды.
Биыл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және туристер үшін қауіпсіз жағдай жасауға 8,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Қаражат Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялауды аяқтауға, арнайы техника сатып алуға және коммуналдық желілерді дамытуға бағытталған.
Қарағанды облысы Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская өз баяндамасында, туристердің келуіне жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау — біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі екенің айтып өтті.
«Биыл қаржыландыру көлемін айтарлықтай арттырдық. Бұл әуежай сынды инфрақұрылымдық нысандарды аяқтап қана қоймай, қауіпсіздік шараларын күшейтуге де мүмкіндік берді: Торанғалық және Шұбартубек кенттерінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем бекеттері ашылып, жағалаудағы бейнебақылау жүйесі кеңейтілді», — деді Ирина Юрьевна.

Маусым мен тамыз айлары аралығында тұрақты әуе қатынасы жолға қойылады. Астана – Балқаш рейсі күн сайын, ал Алматы – Балқаш рейсі аптасына 5 рет қатынайды. Билет құны 16 000 теңге көлемінде бекітілді. Сондай-ақ, Қарағандыдан Балқашқа қосымша пойыз іске қосылып, бұл ішкі туристер ағынын едәуір арттырмақ.
Кеңес барысында бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Өңірде 104 жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істеп тұр, оның 88%-ы ұлттық стандартқа сай. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін ауданы 14 гектар болатын «Balkhash» өңірлік индустриялық аймағы құрылды. Қазірдің өзінде мұнда құны 4,1 млрд теңге болатын екі ірі қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов демалыс аймақтарының иелерімен жедел өзара іс-қимыл орнатудың маңыздылығын атап өтті.
«10 сәуірде Балқаш қаласының бизнес-қоғамдастығымен кездесу өтеді. Бір алаңда кәсіпкерлер мен барлық бақылаушы органдардың өкілдері жиналады. Бізде демалыс аймақтары иелерімен жедел байланыс орнатылған ортақ чат бар, онда өзекті мәселелерді нақты уақыт режимінде талқылаймыз. Бизнес заң аясында жұмыс істеуге дайын, біздің міндетіміз — артық әкімшілік кедергілерсіз қонақтарды қабылдауға көмектесу және тікелей диалогты қамтамасыз ету», — деп мәлімдеді Туризм жөніндегі кеңес мүшесі Гүлжан Маканалина.

Маусым кезінде заңды түрде жұмыс істеу үшін кәсіпкерлерге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті судың, құмның сапасына және аумақтардың күтіміне қойылатын қатаң талаптарды еске салды.
«Біз демалыс аймақтарының иелерін санитарлық қорытынды алуды созбауға шақырамыз. Бұл жай ғана ресми құжат емес, бұл — азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне берілетін кепілдік. Өндірістік бақылау — су мен құмның сынамалары нормаларға сай болуы міндетті шарт», — деп атап өтті СЭБД өкілдері.
2026 жылы Қарағанды облысы 600 мыңнан астам туристі қабылдауды жоспарлап отыр. Жаздың басты оқиғасы — ауқымды «BalkhashTourFest» фестивалі болмақ. Оны өткізуге және жолдарды абаттандыруға 858,7 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар, өңірде цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде: туристік аймақтар Yandex, Google және 2Gis карталарына енгізіліп, нысандар Kaspi Travel және Freedom Travel сервистеріне қосылуда.