Ұлан ауданындағы туристік жоба: инвестор жер күтуде, өңір – жаңа өсу нүктелерін қажет етеді

09.04.2026
Ұлан ауданындағы туристік жоба: инвестор жер күтуде, өңір – жаңа өсу нүктелерін қажет етеді

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында заманауи туристік аймақ құру ішкі туризмді дамытудағы маңызды қадамдардың біріне айналуы мүмкін. Жеке инвестор бастамашы болған жоба тұжырымдамалық тұрғыда пысықталып, жыл бойы жұмыс істеуге бағытталған. Алайда қазіргі таңда оның іске асырылуы тоқтап тұр – негізгі кедергі жер телімін алу мүмкіндігінің болмауы.

Жобаны жүзеге асыру барысы мен өзекті мәселелері ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен Туризмді дамыту жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.

Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, құрылыс кешеніне орналастыру нысандары (қонақ үйлер мен коттедждер), отбасылық демалыс аймақтары, кафе мен сервистік нүктелер, шолу алаңдары, серуендеу бағыттары, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымы бар абаттандырылған аумақ енгізіледі. Жобаның экологиялық тазалығына және табиғи ландшафтпен үйлесімділігіне ерекше мән берілген. Жобаның басты бағыты – иппотерапияны дамыту, яғни ерекше балаларды оңалту мен қолдау.

«Біз жобаға бастапқыдан тек коммерциялық емес, әлеуметтік миссияны да енгіздік. Бұл – аумақты дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, туристер ағынын арттыру. Кешен әртүрлі санаттағы демалушыларға арналған – отбасыларға, жастарға, өңір қонақтарына. Алайда қазір біз алға жылжи алмай отырмыз: жерсіз құрылыс бастау да, инфрақұрылым тарту да мүмкін емес», – деді инвестор Мәди Мәдиев.

Ұлан ауданының жер қатынастары бөлімі өкілі Серік Оразхановтың айтуынша, мәселе сұралған жер телімдерінің құқықтық мәртебесіне байланысты.

 «Аталған жерлер елді мекен жерлеріне жатады. Оларды беру үшін міндетті түрде бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ПДП) болуы қажет. Қазіргі таңда бұл елді мекенде ПДП жоқ. Жыл сайын біз 2–3 осындай жоспар әзірлейміз. Биыл үш елді мекен қамтылады, оның ішінде туристік әлеуеті жоғары аумақтарға басымдық беріледі. Алайда ПДП болмайынша, жер телімін беруге заңды негіз жоқ», – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, жер санаты басқа болған жағдайда мәселе басқаша шешілуі мүмкін еді: «Егер бұл өзге мақсаттағы жерлер болса, онда тендер немесе аукцион арқылы беру тетігін қарастыруға болар еді. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес».

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында мұндай кедергілер уәкілетті органдар тарапынан неғұрлым икемді әрі жедел тәсілді қажет етеді деп санайды.

«Біз нақты инвестициялық жобаны көріп отырмыз – тұжырымдамасы түсінікті, әлеуметтік әсері айқын. Бизнес қаржы салуға, инфрақұрылым құруға, туризмді дамытуға дайын. Бірақ жерге қолжетімділік сияқты базалық шарттардың болмауы процесті тежеп отыр. Мұндай жобалар қағаз жүзінде қалмас үшін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру маңызды», – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин.

Туризмді дамыту жөніндегі кеңес төрағасы Сымбат Рамазанов та бұл бастаманың аудан үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бұл жоба Ұлан ауданы үшін нақты өсу нүктесіне айналуы мүмкін. Ол мультипликативтік әсер береді – халықты жұмыспен қамтудан бастап, ілеспе салалардың дамуына дейін. Біз туризмді жүйелі дамыту туралы айтып отырмыз, сондықтан мұндай бастамаларға басымдық берілуі тиіс. Бұл жерде мәселе рәсімдік процестерге тіреліп отыр, оларды жеделдету қажет», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес аудандық мәслихат пен әкімдікке елді мекен үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге қосымша бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыру жөнінде хат жолдау туралы шешім қабылдады. Қатысушылар туристік әлеует пен жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, бұл процестерді жеделдету стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін атап өтті.

Әзірге инвестор күтуге мәжбүр. Жер мәселесінің қаншалықты жылдам шешілетініне байланысты Ұлан ауданында жаңа туристік нысанның пайда болуы және оның жергілікті экономиканың дамуына серпін беруі айқындалмақ.