Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғады: сот грантты қайтару туралы талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты

09.04.2026
Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғады: сот грантты қайтару туралы талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты

Ақмола облысында мемлекеттік орган бизнесті дамытуға берілген грантты қайтаруды талап етті. Негіз ретінде қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны көрсетілді. Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бұл ұстаныммен келіспей, іске араласты. Сот талқылауының нәтижесінде талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылып, кәсіпкердің грантқа құқығы қорғалды.

Талап арызбен Ақмола облысы бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ жүгінді. Негіз ретінде ақпараттық жүйедегі деректер алынды: сатып алынған ешкілер «тұқымсыз» ретінде тіркелген және талапкердің пікірінше, бизнес-жоспар талаптарына сәйкес келмейді.

Алайда сотта бұл ұстаным расталмады. Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары 1 572 800 теңге көлеміндегі гранттың мақсатқа сай пайдаланылғанын дәлелдеді — қаражат ұсақ мал шаруашылығын дамыту жобасы аясында алты сауын ешкі сатып алуға жұмсалған.

2023 жылғы 30 маусымдағы №272 бұйрықпен бекітілген кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 12-тармағына сәйкес, мұндай шығындар тікелей көзделген және мақсатты болып табылады.

Объективті бағалау үшін Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары ешкі шаруашылығы бойынша Республикалық палатаға сұрау жолдады — бұл жануарлардың тұқымын растауға уәкілетті бейінді ұйым. Сараптама нәтижесі бойынша алты ешкінің төртеуі заанен тұқымына, екеуі нубий тұқымына жататыны анықталды.

Өңірлік палатада түсіндіргендей, жағдай Қазақстан мен Ресейдегі есепке алу жүйелерінің айырмашылығына байланысты. Тиісті асыл тұқымдық құжаттар болмаған жағдайда, жануарлар ақпараттық жүйеде «тұқымсыз» ретінде тіркеледі, бұл олардың нақты тұқымдық сипаттамаларына қарамастан жүзеге асырылады.

 

«Яғни кәсіпкерді нақты бұзушылықтар үшін емес, есепке алу жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты жауапкершілікке тарту әрекеті болған. Біз араластық, себебі мұнда адал бизнес үшін қауіпті жағдай қалыптасу қаупі болды. Сонымен қатар кәсіпкердің көпбалалы ана ретінде әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санатқа жататынын ескеру қажет. Ол өз ісін дамытып, бір жұмыс орнын құрды және салық төлеп отыр», — деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлден Сахаева.

 

Оның айтуынша, қорғау ұстанымы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР Заңының нормаларына да негізделген: 28-3-баптың 10-тармағына сәйкес, жануарлардың тұқымын растау құзыреті республикалық палаталарға берілген және бұл өтініш берушінің мүшелігіне тәуелді емес.

Қосымша ретінде Палата жүргізген талдау сатып алынған мал құнының нарықтық деңгейге сәйкес келетінін көрсетті.

2026 жылғы 26 ақпанда Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының жұмысының нәтижесінде кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 1,5 млн теңгеден астам сомаға берілген грант сақталып қалды.