БИЗНЕС ПЕН ҮКІМЕТ СЫРА ӨНІМДЕРІН ТАҢБАЛАУ МЕРЗІМІН ШЕГЕРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

06.03.2026
БИЗНЕС ПЕН ҮКІМЕТ СЫРА ӨНІМДЕРІН ТАҢБАЛАУ МЕРЗІМІН ШЕГЕРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

2025 жылдың 22 қарашасында ҚР Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап бөтелкедегі және кегадағы сыра өнімдерін міндетті таңбалау енгізілгені белгілі, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап банкалардағы сыра мен сыра өнімдерін таңбалау енгізілмек.

Өкінішке қарай, мұндай қысқа мерзім ішінде отандық сыра зауыттары 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап бөтелкедегі өнімдерді таңбалауды енгізуге техникалық және қаржылық тұрғыдан дайындалып үлгермеді. Соның салдарынан барлық сыра зауыттары бөтелкедегі сыра өндіру желілерін тоқтатуға мәжбүр болып, іс жүсінде бірқатар жүйелік мәселе туындады. Көптеген зауыттар әлі күнге дейін жұмыс істемей тұр, ал таңбалауға қажетті жабдықты сатып алған кәсіпорындар іске қосу және баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Десе де, түрлі техникалық ақаулар пайда болып, өзге де қиындықтар туындап отыр.

Осыған байланысты соңғы үш ай ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерімен бірлесіп Үкіметпен бірнеше рет келіссөз жүргізді. Нәтижесінде ымыралы шешім қабылданып, бөтелкедегі сыраны міндетті таңбалау мерзімін 1 ақпаннан 1 қыркүйекке дейін шегеру туралы келісім орнатылды. 

Бұл зауыттардың таңбалауға сапалы дайындалуына: қажетті жабдықтарды сатып алуды аяқтауға, сапалы іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіндегі жұмысты реттеуге және басқа да маңызды шараларды орындауға мүмкіндік береді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бөтелкедегі сыра өнімдерін таңбалау мерзімін кейінге шегеру туралы бұйрық жобасы сараптамалық қорытынды алу үшін Ұлттық палатаға келіп түсті. 

«Атамекен» ҰКП мен бизнес-қоғамдастық Үкіметтің бұл шешімін дұрыс деп санайды және тиімді диалог үшін алғыс білдіреді. Осындай өзара түсіністік нәтижесінде бизнес тұрақтылығына да, бюджетке салық түсімдерінің тұрақтылығына да оң әсер ететін теңгерімді әрі дұрыс шешімдер қабылданады.