Сенімді серіктестік: бизнес пен билік инвестицияларды қорғау мәселесін талқылады
ҚР Бас прокуратурасында Берік Асыловтың төрағалығымен инвестицияларды қорғау мәселесіне арналған форум өтті. Оған отандық және шетелдік инвесторлар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форум жұмысына «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, БҰҰ, ЕҚЫҰ өкілдері, инвесторлар қауымдастықтары және дипломатиялық корпус қатысты. Өңір әкімдері мен прокурорлары, сондай-ақ бизнес өкілдері талқылауға бейнебайланыс арқылы қосылды.
ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Бас прокуратура базасында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғанын хабарлады. Оның айтуынша, өңірлерде облыс прокурорларының орынбасарлары деңгейінде инвестициялық прокурорлар тағайындалған. Сонымен қатар, Қазақстандағы әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокурорлық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Әр инвесторға нақты прокурор бекітіледі.
Өз сөзінде Қанат Шарлапаев елдегі инвестициялық климат бірқатар негізгі фактормен айқындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бизнестің ұзақ мерзімді дамуы үшін «ойын ережелерінің» болжамдылығы мен тұрақтылығы аса маңызды, ал құқықтық базаны нығайту бойынша жүйелі жұмыс инвестициялар ағынын арттырудың қуатты драйверіне айналуы бек мүмкін.

Қанат Шарлапаев сот жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып, соттардың тәуелсіздігін күшейту және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру инвесторлардың өз құқығының қорғалуына деген сенімін едәуір арттыратынын атап өтті.
Ол, сондай-ақ Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен тығыз өзара қарым-қатынас жасауы ерекше басымдық берілген бағыттардың бірі екеніне де тоқтала кетті. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП тарапынан мынадай ұсыныстар енгізілді:
жүйелі мәселелерді, міндетті түрде, Ұлттық палатаның қатысуымен қарастыру;
заңнамадағы проблемалық нормалардың тізбесін жасап, олардың оң шешімін табу;
бизнес қызметіне заңсыз араласудың, рәсімдердің созбалаңға салынуының, негізсіз тексерулер мен қылмыстық істердің алдын алу;
кәсіпкерлердің пайдасына шығарылған сот шешімдерінің сөзсіз орындалуын қамтамасыз ету.
Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Роман Скляр экономиканың тұрақтылығы мен инвестициялық белсенділіктің өсімін көрсететін макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

Профильдік комитет төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, елімізде алғаш рет өтініштің келіп түскенінен бастап нақты нәтижеге дейінгі инвесторларды қорғаудың кешенді жүйесі қалыптастырылды. Оның негізінде жобаларды сүйемелдеу, цифрлық шешімдер және алдын алу тетіктері, соның ішінде бизнес мүддесіне әсер етуі мүмкін мыңға жуық шешімнің алдын алуға мүмкіндік берген прокурорлық фильтр бар.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 150 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанын хабарлады. Бұл ретте өңірдегі барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 70%-ы мемлекетке тиесілі. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20,5 млрд долларға жетіп, 14,4%-ға өсті. Оның сөзінше, халықаралық компаниялармен белсенді жұмыс жүргізу және жаңа қолдау институттарын құру инвестициялық платформаға қосымша 1800 жобаны енгізуге мүмкіндік берген.
Соңғы екі жылда жалпы құны 100 млрд доллардан асатын 200-ден астам инвестициялық жоба қаралды, ал инвестициялық келісімдердің көлемі 15 есе артқан.
Форум Қазақстандағы инвестициялық климатты одан әрі нығайту және инвесторлардың құқығын жүйелі түрде қорғау бағытының сақталатынын растайтын мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогқа арналған маңызды алаңға айналды.