Астанада аграрлық технологияларды коммерцияландыру тетіктері қаралды

09.04.2026
Астанада аграрлық технологияларды коммерцияландыру тетіктері қаралды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында аграрлық технологияларды коммерцияландыру және оларды экономиканың нақты секторына енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.


Іс-шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Шара ғылыми қоғамдастық пен АӨК арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ, отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдетуге бағытталды.

Изображение

Шара барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин ғылым мен нақты экономика арасындағы тұрақты ынтымақтастықты құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы болып табылатынын мәлімдеді.

«Кәсіпкерлер жаңа технологияларды енгізуге дайын. Сонымен қатар, бүгінгі күні бизнесті нақты, практикалық шешімдер қызықтырады – шығындарды азайтатын, кірісті арттыратын, генетиканы жақсартатын және өндіріс процестерін оңтайландыратын. Сонымен қатар, біз белгілі бір алшақтықты көріп отырмыз, яғни, ғылыми әзірлемелер көбінесе зерттеу сатысында қалады, ал, фермерлер әрқашан нақты және бейімделетін шешімдерге қол жеткізе бермейді. Біздің басты міндетіміз – осы олқылықты жою. ҰКП өз тарапынан кәсіпкерлердің мүдделерін қамтамасыз етуге, ғылым мен бизнестің тиімді диалогын дамытуға ықпал етуге, технологияларды коммерцияландыру тетіктері мен мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге қатысуға дайын», – деп атап өтті Аслан Қалиғазин.


Дөңгелек үстел аясында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ҰАҒБО) еншілес ұйымдары әзірлеген инновациялық шешімдер көрмесі ұйымдастырылып, өндіріске енгізуге дайын әзірлемелер мен технологиялардың прототиптері таныстырылды.

Шара аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен «Атамекен» ҰКП арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат ғылым мен бизнестің жүйелі ынтымақтастығын дамытуды, ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулердің тиімділігін арттыруды, ел экономикасына технологияны енгізуді кеңейтуді көздейді.


ҰАҒБО Басқарма Төрағасының орынбасары Максим Сутуланың айтуынша:

Изображение

«ҰАҒБО жүйесі 33 еншілес ұйымды біріктіреді. Оның құрамына аграрлық жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибелік станциялар кіреді. Қазіргі таңда өндіріске енгізуге дайын 679 ғылыми әзірлеме бар, олардың ішінде 500-ден астамы қолданыстағы патенттер. Бизнес тарапынан қызығушылық жоғары – бұл жаңадан бастаған кәсіпкерлерден бастап ірі агроқұрылымдарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Технологияларды енгізу мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде бизнесті кеңейтуге арналған 250 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыру көзделген.

Біздің ғылыми ұйымдар, соның ішінде қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі бағытындағы институт, нақты нәтижелер көрсетіп отыр: ҰАҒБО еншілес ұйымдары ұсынған 45 жобаның ішінде Ғылым қорының коммерцияландыру бағдарламасы аясында 17 жоба осы институтқа тиесілі. Бұл отандық әзірлемелердің жоғары әлеуетін және бизнес тарапынан оларға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің басты міндетіміз – технологияларды әзірлеумен ғана шектелмей, оларды нарыққа шығару, ауқымдау және агроөнеркәсіптік кешенде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету».


Талқылау барысында агротехнологияларды коммерцияландырудың практикалық кейстері қаралды. Атап айтқанда, селекция және тұқым шаруашылығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы шешімдер ұсынылды.

Изображение


Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды. «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы мен «QazInnovation» акционерлік қоғамының өкілдері гранттық қаржыландыру құралдары мен агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту тетіктерін таныстырды.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың, агробизнес өкілдерінің, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, салалық қауымдастықтар мен жетекші аграрлық университеттердің өкілдері қатысты.

Айта кету керек, бұған дейін осындай форматтағы дөңгелек үстелдер Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізілген болатын. Аталған кездесулерде ғылым мен бизнес өкілдері өңірлік деңгейде әзірлемелерді өндіріске енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Осы бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.