Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен Өңірлік кеңестің отырысы өтті
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен Өңірлік кеңестің отырысы өтті.
Жиынды Өңірлік кеңес төрағасы Александр Подвалов жүргізді.
Отырыс барысында елорданың кәсіпкерлік ортасын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы директоры лауазымына Қанат Әлиннің кандидатурасы келісілді.

Қанат Әлин Палатаның алдағы даму бағыттарын ұсынып, Өңірлік және салалық кеңестердің рөлін күшейту, салалық сараптаманы дамыту, сондай-ақ бизнес пен инвесторлардың құқықтарын жүйелі қорғау қажеттігін атап өтті.

Қазіргі уақытта Палата жанында 11 салалық кеңес жұмыс істейді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қанат Әлиннің кандидатурасы бірауыздан қолдау тауып, аталған қызметке келісілді.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың елорданың бизнес қауымдастығымен өткізген кездесулерінің қорытындылары шығарылды. Әкімдік және прокуратура өкілдерімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде инвестициялық ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар әзірленді.

Жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кәсіпкерлердің алдағы кездесуіне дайындық мәселелері де қаралды. Салалық кеңестер алаңдарында бизнестің жүйелі мәселелері бойынша ұсыныстар топтамасы қалыптастырылуда.

Өңірлік кеңес төрағасының орынбасары Қанат Кобесов «Астана – болашақ қаласы» тұжырымдамасы аясында елорданы дамыту жөніндегі кәсіпкерлердің көзқарасын таныстырды.

Сондай-ақ, өнеркәсіп және логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Астана қаласының Өңірлік кеңесі 29 бизнес және салалық қауымдастық өкілін біріктіреді және кәсіпкерлік ортаны дамыту мен бизнестің құқықтарын қорғау бағытында ұсыныстар әзірлейтін алаң болып табылады.