Қауіпсіздік – басты басымдық: ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған акцияны қолдады
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын 28 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған қолайлы әрі қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған республикалық акцияға қосылды.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – кез келген кәсіпорын үшін ең басты құндылық – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы екенін еске салу. Акция өндірістік жарақаттанудың және кәсіби аурулардың алдын алуға, сондай-ақ жұмыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Палата қызметкерлері үшін «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау – бастауынан бүгінге дейін» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинарды «Professional Education Academy» кәсіби білім беру академиясының оқытушысы Вадим Небошинский өткізді.
Қатысушылар еңбекті қорғау жүйесінің дамуы туралы – алғашқы тарихи деректерден бастап тәуекелге бағдарланған ойлау мен цифрлық технологияларға негізделген заманауи тәсілдерге дейін кешенді мәлімет алды. Ерекше назар бүгінгі қауіпсіздік стандарттары жай ғана формалды талаптар емес, көпжылдық тәжірибенің, кейде «адам өмірінің құнымен жазылған» нәтижесі екеніне аударылды.
Сарапшы қауіпсіздіктің түрлі бағыттарының – өндірістік, өрт, электр қауіпсіздігінің өзара байланысына егжей-тегжейлі тоқталып, тиімді қорғаныс жүйесі тек оларды кешенді түрде сақтағанда ғана мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар адами факторға ерекше мән берілді: статистикаға сәйкес, өндірістік оқиғалардың басым бөлігі қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын бұзуынан орын алады.
Оқыту барысында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың заманауи тәсілдері де қарастырылды, оның ішінде халықаралық Vision Zero – «нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасы. Бұл модельде жұмыс берушінің жауапкершілігі, қызметкерлердің белсенді қатысуы және үздіксіз оқыту негізгі рөл атқарады.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында еңбекті қорғау тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар бизнестің тұрақты дамуының маңызды факторы екенін атап өтеді. Жарақаттанудың төмендеуі шығындарды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және компанияның беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
Палата өңірдің бизнес-қоғамдастығын аталған акцияға қолдау көрсетуге және қызметкерлердің қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырады. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау – бұл адам капиталына салынған инвестиция, ал ол кез келген кәсіпорынның тиімділігі мен болашағын айқындайды.