ҰКП Төралқасының Энергетика комитеті кепілдік беруші жеткізушілерге атаулы көмек көрсету және электр энергиясының бөлшек нарығындағы бәсекелестікті дамыту мәселелерін талқылады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҰКП Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаевтың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, Энергетика комитетінің мүшелері мен нарық субъектілерінің қатысуымен Комитет отырысы өтті.
Отырыс барысында ҰКП ұсыныстары қаралып, оларды әрі қарай пысықтау және Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің қарауына енгізу мүмкіндігі талқыланды. Бизнес үшін де, электр энергиясының бөлшек нарығының тұрақтылығы үшін де маңызды екі өзара байланысты мәселеге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, кепілдік беруші жеткізуші қызметтерін атқаратын өңірлік электр желілік компанияларға атаулы көмек көрсету тетігі, сондай-ақ электр энергиясының бөлшек нарығындағы бәсекелестікті дамыту мүмкіндіктері қаралды. Сонымен қатар, электр энергетикасындағы жүйелі кадр тапшылығы және тарифтік саясатта міндетті салалық шығындарды ескеру мәселелері де көтерілді.
ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінің төрағасы Жандос Нұрмағанбетов отырысты аша отырып, аталмыш мәселелерді бизнес, мемлекеттік органдар және салалық қоғамдастықтың қатысуымен кәсіби тұрғыда талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Ұлттық палата басшысы Қанат Шарлапаев өз сөзінде электр энергетикасы экономиканың негізгі салаларының бірі болып қала беретінін, ал оны реттеу мәселелері бизнестің тұрақтылығына, инвестициялық белсенділікке және кәсіпкерлік үшін болжамды жағдайлардың қалыптасуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ол Энергетика комитеті уәкілетті органдар деңгейінде қаралатын өзекті мәселелерді талқылаудың тиімді әрі маңызды алаңы екенін жеткізді.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 2-4 сәуірі аралығында өткен Қазақстанның XIII Машина жасаушылар форумының қорытындылары бойынша отандық өндірушілер өнімдерін энергетикалық жобаларда, сондай-ақ «ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясында ілгерілету шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.
«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев негізгі баяндама жасады. Ол қолданыстағы атаулы көмек тетігі тек халықты әлеуметтік қолдауға ғана емес, бүкіл бөлшек нарық экономикасына әсер ететінін, кросс-субсидиялауды күшейтіп, бизнес пен ШОБ-қа қосымша жүктеме түсіретінін атап өтті. Ұлттық палатаның ұстанымы бойынша, атаулы қолдау өзінің әлеуметтік сипатын сақтай отырып, алдымен тұрғындарға бағытталуға тиіс. Ал бұл тетікті бөлшек нарықтың тұтас моделін қолдаудың әмбебап құралы ретінде қолдану барлық мүдделі тараптың қатысуымен қосымша кәсіби пысықтауды қажет етеді.

Талқылаудың жеке бір бөлігі электр энергиясының бөлшек нарығындағы бәсекелестік мәселелеріне арналды. Жиынға қатысушылар қолданыстағы модельдің әлі де болса бәсекеге қабілетсіз екенін, тұтынушы таңдауын шектейтінін, сервистердің дамуын тежейтінін және қызмет көрсету сапасын арттыруға жеткілікті түрде ынталандырмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, неғұрлым бәсекелі модельге көшу бөлшек сегменттің экономикалық ашықтығын арттыруды және қалыптасқан теңгерімсіздіктерді кезең-кезеңімен жоюды талап ететіні айтылды.
Отырыс барысында мемлекеттік органдар өкілдері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз ұстанымдарын білдірді.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Ұлттық палата мен нарық қатысушыларының ұсыныстарын қолдап, аталған мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті және осы бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де аталған мәселелерді әрі қарай пысықтау және электр энергиясының бөлшек нарығында неғұрлым ашық әрі бәсекелі жағдай қалыптастыру қажеттігін қолдады.
Өз кезегінде Табиғи монополияларды реттеу комитеті ұсынылған тетіктерді қазіргі нұсқада қолдай қоймады. Олар инфляциялық қысым артып, халыққа қосымша жүктеме түсуі мүмкін екенін және реттелетін коммуналдық қызметтер саласында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар, отырысқа дайындық барысында ҰКП-ға нарық қатысушыларынан электр энергетикасындағы, әсіресе желілік кешендегі кадр тапшылығы мәселесін, сондай-ақ кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты міндетті салалық шығындарды тарифтік саясатта ескеру мәселелерін әрі қарай жұмысқа алуға қосымша ұсыныс түсті.
Комитет мүшелері бұл мәселелердің өзектілігін атап өтіп, оларды жан-жақты әрі терең талқылау қажеттігін жеткізді. Осыған байланысты «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ-ға өңірлік электр желілік компаниялардың ұстанымдарын біріктіріп, тиісті ұсыныстарды «Атамекен» ҰКП-ға жолдау ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитет көтерілген мәселелерді белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің қарауына енгізу үшін нарыққа қатысушылардың, мемлекеттік органдардың және сарапшы қоғамдастықтың пікірлерін ескере отырып, әрі қарай пысықтау қажеттігін қолдады.
Бұған қоса қазақстандық өндірушілердің инновациялық өнімдерін күн және жел электр станцияларын салу жобаларында пайдалану, жаңартылатын энергия көздерінен бөлінген генерацияның цифрлық платформа-агрегаторларын дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек беру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ өңірлік электр желілік компаниялардың қызметіне қатысты салалық семинар өткізу мәселелерін пысықтау мәселесі де қолдау тапты.
