Туристік маусым қарсаңында Қазақстанның курорттық аймақтарына көліктік қолжетімділік мәселелері талқыланды
Алматы – Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттары бойынша тікелей рейстерді «SCAT» әуекомпаниясы орындайды. Ал Астана – Үржар және Үшарал бағыттары бойынша тікелей рейстерді «Vietjet Qazaqstan» (Qazaq Air) жүзеге асырады.
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен Қазақстанның негізгі курорттық аймақтарына көліктік қолжетімділік мәселелері талқыланған жиын барысында айтылды.
Сондай-ақ, жиында 2026 жылғы жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралып, туристік бағыттар бойынша субсидияланатын авиамаршруттардың іске қосылуы, теміржол бағыттарын ұйымдастыру, сондай-ақ автожолдардың жай-күйі мен көлік қатынасының қолжетімділігі талқыланды.
Ішкі туризм үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі – Алакөл. Жыл сайын жазғы маусымда мыңдаған туристі қабылдайтын курорттың тұрақты дамуы көлік қатынасының тиімділігіне тікелей байланысты.
«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Туризм департаментінің директоры Дәмиля Құнанованың айтуынша, туристік нарық үшін әуе және теміржол рейстері кестесінің уақтылы шығуы, сондай-ақ сатылымдардың жедел ашылуы аса маңызды. Бұл туристер мен туроператорларға сапарларды алдын ала жоспарлауға және брондауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, теміржол арқылы 2025 жылы Алакөлге 231 мың турист жеткен. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның болжамынша, 2026 жылы да бұл бағытта тасымалданатын жолаушылар саны шамамен 231 мың адамды құрайды. Жазғы кезеңде жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша 13 жазғы маршрут жүре бастайды.

Негізгі курорттық аймақтарға көліктік қолжетімділік мәселелерінің тағы бір маңызды бағыты – автомобиль жолдарының сапасы. Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында өткен жылы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша бірнеше негізгі жоба жүсеге асырылған. Әсіресе туристік нысандарға тікелей апаратын жолдарға ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы орташа жөндеу жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 360 км болатын жол учаскелерінің жабыны жақсартылып, курорттық аймақтар мен көрікті жерлерге көліктік қолжетімділік қамтамасыз етілген.
«Биыл біз инфрақұрылымды дамытудың жаңа кезеңіне кірісеміз. Ол жалпы ұзындығы 3 мың 400 км болатын жаңа құрылыс және қайта жаңғырту жобаларын қамтиды. Сонымен қатар, орташа жөндеу аясында шамамен 250 км жолды жөндеу жоспарланған», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Стратегиялық жоспарлау және даму Департаментінің директоры Бақыт Маратов.

Бұдан бөлек, автожол пайдаланушыларына қолайлы жағдай жасап, олардың жайлылығын арттыру мақсатында жол бойында 1 421 жол бойы сервистік нысаны, 618 демалыс алаңы, 177 абаттандырылған санитарлық-гигиеналық торап және 934 суық дәретхана орналасқан. Жол бойы сервистік нысандарының сапасын жақсарту және қосымша модульдік павильондер орнату жұмыстары биыл да жүргізілмек.
Палата өңірлік туризмнің дамуына серпін беру үшін аталған мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттік органдардың ведомствоаралық іс-қимылын күшейтуге шақырды.
