Су объектілеріне қолжетімділік: Кәсіпкерлердің құқығы
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жағажай туризмі саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтар мен бизнестің су объектілеріне қол жеткізу құқықтарын іске асыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер және салалық сарапшылар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жазғы туристік маусым қарсаңында заңнама нормаларын түсіндіру және құқық қолдану тәжірибесін біріздендіру.
Азаматтардың су объектілеріне еркін қол жеткізуі
Кеңес барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес су ресурстары жалпыұлттық игілік екені атап өтілді. Азаматтарға демалу, туризм және шомылу мақсатында су объектілеріне еркін әрі тегін қол жеткізу құқығы кепілдендірілген.

Сонымен қатар жағалауға өтуді шектеу, қоршаулар орнату, шлагбаум қою немесе жай ғана өту үшін ақы алу – заң бұзушылық болып есептеледі.
«Қазақстанның су ресурстары – халықтың ортақ байлығы. Сондықтан азаматтардың су объектілеріне қол жеткізуі заң талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен бірге мемлекет туристік инфрақұрылым мен кәсіпкерліктің дамуына шектеу қоймайды. Кәсіпкерлер ұсынған қызметтер үшін ақы ала алады», – дейді Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаменті директорының орынбасары Марат Иманалиев.
Шектеу қандай жағдайда қойылады?
ҚР заңнамасында су объектілеріне қолжетімділікті шектеуге болатын жағдайлар да қарастырылған.
Мұндай шектеулер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА), сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық немесе экологиялық талаптарды сақтау қажет болатын санаторийлер, балалар лагерьлері және басқа да объектілердің жағажайларында қолданылуы мүмкін.
Аталған шектеулер тек уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ресми шешімдерінің негізінде ғана белгіленуі тиіс.
Жергілікті атқарушы органдардың рөлі
Талқылау барысында заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың маңызды рөлі атап өтілді.
Атап айтқанда, әкімдіктер су объектілеріндегі жаппай демалыс орындарын ұйымдастыруға, су қорғау аймақтарының шекараларын белгілеуге, азаматтардың су айдындарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңсыз қоршаулар мен жағалауға өту үшін ақы алу фактілерін анықтап, жолын кесуге міндетті.

Кәсіпкерлік қызметтің құқығы мен шекаралары
Кеңес барысында жағалау аумақтарында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кәсіпкерлер туристік инфрақұрылымды дамытуға және шезлонгтарды, қайықтарды, өзге де жабдықтарды жалға беру, тамақтандыру қызметін ұйымдастыру сияқты ақылы қызметтер көрсетуге құқылы.
Алайда бизнестің су объектілеріне қол жеткізу үшін ақы алуға немесе азаматтардың жағалауға еркін өтуін шектеуге құқығы жоқ.
Талқылау барысында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар қосымша сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, салық салу тұрғысынан демалушылар мен демалыс базаларына келушілерді сәйкестендіру мәселесінде қиындықтар туындайтыны айтылды. Кәсіпкерлер ұсынған кейбір жағдайларда Мемлекеттік кірістер департаменті ұялы байланыс операторларының биллинг деректері арқылы жағалауда демалған барлық адамдарды анықтап, нәтижесінде кәсіпкерлер жағалауда демалған барлық демалушы үшін салық төлеуге мәжбүр болған.
Сонымен қатар демалушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік мәселесі де көтерілді, өйткені кәсіпкерлер қажетті мөлшерде құтқарушыларды қамтамасыз ете алмайтынын атап өтті.
Аталған мәселелер бойынша кәсіпкерлермен қосымша талқылаулар жұмыстары жүргізіледі.

Заңбұзушылық үшін жауапкершілік
Халықтың су объектілеріне қол жеткізуін заңсыз шектеген адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мұндай құқық бұзушылықтарды ішкі істер органдары қарайды және азаматтар мен кәсіпкерлерге ескерту немесе айыппұл салу түріндегі шаралар қолданылуы мүмкін.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіпкерлер мен азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығының өзара іс-қимылын нығайту қажеттігін атап өтті.