Жергілікті бизнестен ұлттық брендке дейін: Ақтөбеде кәсіпкерлерге франчайзинг арқылы масштабтауды үйретті
Ақтөбеде бизнес-қоғамдастықтың жүйелі бизнес құру саласындағы сарапшылар тобымен кездесуі өтті. Кездесуді «Атамекен» ҰКП ШОБ дамыту комитетінің төрайымы, франчайзинг бойынша сарапшы, Lanzhou жылдам тамақтану желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина бастап келді. Іс-шара Қазақстанның 17 қаласын қамтитын ауқымды республикалық тур аясында ұйымдастырылды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (CAAF) бірлесіп бастамашы болған жоба отандық шағын және орта бизнесті трансформациялауға бағытталған. Негізгі мақсат — жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге (дүкен, кафе, өндіріс иелеріне) бизнесті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін нақты құралдар ұсыну.
Ақтөбедегі семинарға қызығушылық жоғары болды: алаңға өңірдің шамамен 100 кәсіпкері қатысты. Кездесуді сондай-ақ «Respublica» партиясының Re.Women әйелдер қауымдастығы қолдады. Кездесудің негізгі өзегі — бизнесті кеңейту тек жаңа нүктелер ашумен шектелмейді, ең алдымен басқару мен есептің нақты жүйесін құру екені айтылды.
«Бүгін біз кәсіпкерлермен жергілікті кәсіпті франчайзинг арқылы масштабтауға болатын жүйелі бизнеске айналдырудың нақты құралдарымен бөлісіп жатырмыз. Франчайзинг — бұл ең алдымен табысты қайталау, сондықтан жұмысты қаржылық тәртіп орнатудан, ақша ағымын есептеу кестелерін құрудан және басқарудың нақты алгоритмдерін енгізуден бастау қажет. Біздің мақсат — қазақстандық кәсіпкерлердің шағын бизнестен ірі ұлттық брендтерге айналуына көмектесу», — деп атап өтті Гүлбану Майғарина.

Сондай-ақ ол «KazBrand» байқауының екінші маусымын таныстырды. Финалистерге бір жыл бойы сараптамалық сүйемелдеу көрсетіледі — ішкі процестерді реттеуден бастап алғашқы франшизаларды сатуға дейін. Айта кетерлігі, финалға өтпеген қатысушылар да жарты жыл бойы бірегей білім базасына тегін қол жеткізе алады.
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко өңірде бизнесті масштабтаудың өркениетті модельдеріне қызығушылық тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.
«Бүгінде франчайзинг — бұл тек бизнес жүргізу форматы ғана емес, тәуекелдерді азайтып, жобаларды іске қосуды жеделдететін тиімді құрал. Ақтөбе облысында оң динамика байқалады: кәсіпкерлердің көбі осы бағытты таңдап, дайын процестер мен танымал брендтерге қол жеткізуде. Алайда бұл модель жоғары тәртіп пен стандарттарды қатаң сақтауды талап етеді. Біздің мақсат — бизнес тек дайын франшизаларды сатып алып қана қоймай, өз брендтерін қалыптастырып, оларды басқа өңірлерге ұсына алатын қолайлы экожүйе құру», — деді ол.
Кәсіпкерлер үшін мұндай кездесулер — өзекті сұрақтарға тікелей сарапшылардан жауап алуға мүмкіндік.

Кездесуге қатысқан тәжірибелі кәсіпкер Нұрия Исмаилова өз әсерімен бөлісті: - «Бұл кездесуге үлкен қызығушылықпен келдік, себебі сұрақтар өте көп жиналды, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты. Мен бизнесте 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Өзіміздің тігін өндірісіміз бар, мектеп формасы мен сахналық костюмдер тігеміз, сондай-ақ жеке тапсырыспен жұмыс істейтін ательем бар. Осындай пайдалы іс-шараларды ұйымдастырғаны үшін “Атамекен” палатасына алғыс білдіремін».
Республикалық тур бағдарламасы 2026 жылғы 4 мамырға дейін жалғасады. Сарапшылардың пікірінше, бизнесті жүйелеу және табысты модельдерді франшизаға айналдыру Қазақстанда жаңа мықты брендтердің қалыптасуына серпін береді.


