Құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу институтын дамыту: «Атамекен» ҰКП алаңында жаңа тетіктер талқыланды

14.04.2026
Құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу институтын дамыту: «Атамекен» ҰКП алаңында жаңа тетіктер талқыланды

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитет пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің бірлескен отырысында құрылыс саласында өзін-өзі реттеу институтын дамыту және оны іс жүзінде іске асыру тетіктері талқыланды.

Отырысқа Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Асланбек Жақыпов және жуырда Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы болып сайланған Талант Омарбеков қатысты.

Изображение

Кездесу барысында қатысушылар ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде қабылданған нормалар аясында құрылыс саласында ерікті өзін-өзі реттеу институтын енгізудің практикалық тетіктерін талқылады. Атап айтқанда, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың (ӨРҰ) қызмет ету қағидаттары, олардың қызметіне қойылатын талаптар, жауапкершілік құралдары және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

Изображение

 

«Өзін-өзі реттеу – саланың ішкі жауапкершілігін арттырып, кәсіби стандарттарды нығайтатын маңызды құрал. Бұл механизм бизнестің белсенді қатысуы арқылы нарықтағы сапаны арттыруға және реттеу жүйесін тиімді етуге мүмкіндік береді», – деді Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы Асланбек Жақыпов.

Сонымен қатар жиын барысында архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне қатысты бірқатар мемлекеттік функцияларды кезең-кезеңімен өзін-өзі реттеу институттарына беру мүмкіндіктері бойынша ұсыныстар талқыланды.

Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы Талант Омарбеков өз сөзінде жаңа міндеттер аясында комитет бизнес қауымдастықпен бірлесіп саланы дамытуға бағытталған жүйелі ұсыныстар әзірлеуге дайын екенін жеткізді.

Изображение

«Құрылыс саласында өзін-өзі реттеу институтын дамыту – нарықтың ашықтығын арттыруға, кәсіби жауапкершілікті күшейтуге және саланың тұрақты дамуына ықпал етеді. Комитет алаңында кәсіпкерлер мен сарапшылардың ұсыныстарын біріктіріп, тиімді шешімдер әзірлеуге күш саламыз», – деді Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы Талант Омарбеков.

 

Изображение

Құрылыс саласында өзін-өзі реттеу институтын дамытуда бизнестің негізгі міндеті – осы модельге көшуге дайын бағыттарды айқындау. Өз кезегінде, Ұлттық палата бизнес қауымдастықтың пікірін біріктіріп, осындай бағыттардың тізбесін қалыптастырады және оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп әрі қарай пысықтайды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар құрылыс саласында өзін-өзі реттеу институтын дамыту және салалық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстарды пысықтау жұмыстарын жалғастырмаққа келісті.