Атырауда бизнесті ауқымдау бойынша республикалық бизнес-тур аясында кәсіпкерлер кездесуі өтті
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында «Атамекен» ҰКП бастамасымен ұйымдастырылған республикалық бизнес-тур аясында кездесу өтті. Жоба шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ кәсіпкерлерге бизнесті ауқымдау мен жаңа нарықтарға шығуға көмектесуге бағытталған.
2026 жылғы 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында Қазақстанның 17 қаласында тегін оқыту кездесулері өтуде. Ұйымдастырушылар – «Атамекен» ҰКП және Central Asian Association of Franchising (CAAF) Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы. Тур барысында сарапшылар бизнесті дамытуға арналған практикалық құралдармен бөлісіп, филиалдар ашу, өзге өңірлерге шығу және франчайзинг арқылы ауқымдау жолдары туралы айтып береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көптеген кәсіпкерлердің қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған бизнесі бар — дүкендер, дәмханалар, өндірістік немесе сервистік компаниялар. Алайда бизнесті кеңейту кезінде бірқатар сұрақтар туындайды: жаңа нүктелерді қайда және қалай ашу керек, сапаны қалай сақтау қажет және бизнесті қашықтан тиімді басқару мүмкін бе.
Тур бағдарламасы өсім нүктелерін анықтауға және нақты кейстерді талдауға бағытталған. Қатысушылар бизнес-процестерді жүйелеу, есеп пен басқаруды жолға қою, сондай-ақ бизнесті франшиза форматына дайындау бойынша білім алады.
«Саяхат Групп» ЖШС басшысы Александра Нургалиева кездесудің практикалық маңызын атап өтті:
«Ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді — өте қызықты шара, спикерлер де мықты. Біз, кәсіпкерлер, бірден бизнесті ауқымдауды, тәртіпті, қаржылық есеп жүргізуді үйрендік. Берілген материал өте ауқымды әрі пайдалы».
Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының өкілі Зарина Мавляни жобаның әртүрлі деңгейдегі кәсіпкерлерге арналғанын атап өтті:
«Бұл – бизнесті дұрыс ауқымдағысы келетіндерге арналған ауқымды бизнес-тур. Бір нүкте болса да, желі болса да – стандарттар мен процестер бәріне ортақ. Біз білімімізді тегін бөлісеміз, әдістемелік материалдар ұсынамыз және сұрақ-жауап форматында тірі кездесулер өткіземіз. Кәсіпкерлер алдын ала нақты сұрақтарымен өтінім береді, осылайша тәжірибелік кеңестер алады».
Оның айтуынша, Қазақстанда франчайзингтің жаңа кезеңі қалыптасып келеді, алайда көптеген жобалар әлі сапалы түрде «қапталмаған». Тур аясында сарапшылар осындай кейстерді талдап, жаңа нарықтарға, соның ішінде халықаралық деңгейге шығудың тиімді жолдарын ұсынады.
Сонымен қатар қатысушыларға «KazBrand» байқауы туралы ақпарат берілді. Бұл байқауда кәсіпкерлер 10–30 млн теңге көлеміндегі бизнесті кәсіби түрде «қаптау» мүмкіндігін тегін ұтып ала алады. Өткен жылы байқауға 1100-ден астам өтінім түсіп, олардың ішінен 4 компания жеңімпаз атанған.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы директоры Нурлан Суюнбаев іс-шараның өзектілігін атап өтті:
«Біз көптеген кәсіпкерлер бизнесті бастап, табысты жүргізіп отырғанын көреміз, бірақ ауқымдау мен франшиза құруда қиындықтарға тап болады. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерде де сұрақ көп. Сондықтан бүгінгі кездесу өте маңызды — мұнда бизнестің дамуына әсер ететін құнды білім тегін беріледі».
Мұндай іс-шаралар өңір кәсіпкерлеріне қосымша мүмкіндіктер ашып, олардың тек қазіргі деңгейін нығайтып қана қоймай, жаңа даму сатысына шығуына жол ашады.
