Қарағандылық кәсіпкердің ОТӨ тізіліміне өтінімі Палатаға жүгінгеннен кейін мақұлданды

15.04.2026
Қарағандылық кәсіпкердің ОТӨ тізіліміне өтінімі Палатаға жүгінгеннен кейін мақұлданды

Қарағанды қаласының кәсіпкері Дамир Каюмов өңірлік деңгейде қаралғаннан кейін отандық тауар өндірушілер (ОТӨ) тізіліміне енгізілуге қол жеткізді.

Бұған дейін ол кәсіпорынды Қазақстанның отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу кезінде өтінімдерді қарау мерзімдерінің ұзақтығы мен бас тарту шешімдерінің негізділігіне қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерген болатын.

Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс орны мен толық құжаттар пакеті болғанына қарамастан, өтінімдері мақұлданбаған.

Изображение

«Біз барлық құжаттарды қайта жинадық: өндірістің фото және бейнематериалдары, жабдықтар тізімі, технологиялық карталар, қызметкерлердің растамасы. Соған қарамастан, “сіздерде мұндай өнім жоқ” деген жауап алдық. Ал шын мәнінде өнім өндіріліп жатыр, сынақтардан өтуде және барлық қажетті құжаттары бар», – деді Дамир Каюмов.

Мәселе облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген кеңесте көтерілді. Жиынға «Атамекен» ҰКП Президиумы төрағасы Қанат Шарлапаев пен өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Талқылау қорытындысы және «Атамекен» ҰКП мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде кәсіпкердің өтінімі қайта қаралып, оң шешім қабылданды.

Изображение

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаевтың айтуынша, тізілімге енгізу үшін барлығы 27 өтінім берілген.

«Оның ішінде 14 өтінімге бас тарту берілді, 8 өтінім қаралу сатысында. Сонымен қатар, кеңес қорытындысы бойынша 5 өтінім қосымша қаралып, мақұлданды», – деді ол.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев тек мәселелерді тіркеу ғана емес, нақты шешімдер қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Изображение

«Біздің міндет – тек проблемаларды айту емес, өңірдің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік беретін нақты шешімдерді бірге табу. “Атамекен” жүйелі мәселелерді шешуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Тек осындай ашық диалог арқылы бизнес пен мемлекеттің тиімді өзара іс-қимыл моделін қалыптастыруға болады», – деді ол.

Кеңес барысында баға демпингі, өндірісті жергіліктендіру және отандық кәсіпорындарды қолдау мәселелері де талқыланды.