ШҚО-да Altay Business форумы өтті: бизнес жаңа деңгейге көтерілуде

15.04.2026
ШҚО-да Altay Business форумы өтті: бизнес жаңа деңгейге көтерілуде

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдар өкілдерін, даму институттарын және жастарды біріктірген өңірлік Altay Business форумы өтті. Форумның басты оқиғасы «Бір ауыл – бір өнім» және «Ауыл Аманаты» жобаларына қатысушылардың өнімдері ұсынылған ауқымды көрме болды. Бұл көрме ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің қалай дамып жатқанын айқын көрсетті.

Мемлекеттік қолдау алған 50-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі өз тауарлары мен қызметтерін ұсынды. Қатысушылар қатарында өндіріс, туризм, креативті индустрия және басқа да салалардағы кәсіпкерлер бар. Көрме тек жетістіктер алаңы ғана емес, сонымен қатар іскерлік байланыстар орнатуға, серіктестер табуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тиімді платформаға айналды.

Келушілердің ерекше назарын «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы аясында жүзеге асырылған жобалар аударды. Жергілікті өндірістің бірегей өнімдері ауылдық аумақтардың ерекшелігі мен дәстүрін көрсетіп, жергілікті брендтердің даму әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Ал «Ауыл Аманаты» бағдарламасына қатысушылар мемлекеттік қолдаудың ауылдағы бизнесті іске қосу мен кеңейтуге қалай ықпал ететінін нақты мысалдар арқылы көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар, әсіресе ауылдық өңірлерде, тұрақты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Себебі бизнес – жұмыспен қамтуды арттыру мен экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры форумның маңыздылығын атап өтті:

«Біз мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Кәсіпкерлер тек өз ісін ашып қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, жаңа нарықтарға шығуда. Altay Business форумы – бизнес пен мемлекет ашық түрде мүмкіндіктерді талқылап, шешімдер тауып, алға жылжитын алаң».

Форумның негізгі мақсаты – өңірде кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және тиімді диалог алаңын қалыптастыру.