Ақтөбеде АӨК саласындағы өзекті мәселелер – есептік нөмірлерден бастап шетелдік жұмыс күшін тартуға дейін талқыланды
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешеннің Салалық кеңесінің отырысы өтті. Талқылауға ветеринарлық бақылау, көші-қон қызметі және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдері қатысты.
2026 жылғы 23 наурыздан бастап АӨК нысандарына есептік нөмір беру бойынша жаңа қағидалар күшіне енді. Енді нөмірлер шектеулі мерзімге беріледі — 3 жылға, ал сою алаңдары үшін — 1 жылға. Мерзім 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеледі. Бұған дейін мерзімі көрсетілмей берілген нөмірлер 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана жарамды деп есептеледі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — шетелден маусымдық жұмысшыларды тарту тәртібі қаралды.
Квотаға өтінімдерді жұмыс беруші Жұмыспен қамту басқармасына тапсырады. 2026 жылғы 13 сәуірден бастап рұқсат беру қызметтері тек электронды түрде eGov.kz немесе migration.enbek.kz порталдары арқылы көрсетіледі.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты салық мөлшерлемелері мен алымдарды ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша палата жанындағы салалық кеңес ақтөбелік аграрийлердің ұсыныстарына негізделген ұсыныстар пакетін уәкілетті органдарға жолдайды.
Есептік нөмірлер бойынша фермерлер бұрынғы — мерзімсіз нөмір беру тетігін сақтауды талап етуде. Кәсіпкерлердің пікірінше, мерзім енгізу артық бюрократиялық жүктеме туғызады және мерзімнің аяқталуына байланысты қызметтің тоқтап қалу қаупін арттырады.
Шетелдік жұмыс күші бойынша кәсіпкерлер маусымдық жұмысшыларды тіркеу тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлемек. Бұл әсіресе құрылыс саласы үшін өзекті. Себебі салынып жатқан нысандарға әлі техникалық паспорттар рәсімделмеген, осыған байланысты бизнес тартылатын мамандарды жақын маңдағы елді мекендерде тіркеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
