Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында талқыланды
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында қазақстандық тауар өндірушілерді техникалық реттеу құралдары аясында қолдау мәселесі қаралды.
Отырыста отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ішкі нарықтағы әділ бәсекелестік ортаны қамтамасыз ету және техникалық реттеу жүйесі арқылы қазақстандық өндірушілерді тиімді қолдау тетіктері талқыланды. Сонымен қатар комитет мүшелері кәсіпкерлік субъектілерінің өзекті мәселелерін жүйелеу мақсатында бірқатар ұсыныстар мен бастамалар пулын қалыптастырды. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта «AMANAT» партиясы жанындағы Кәсіпкерлер қанатының алаңында қаралмақ.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында Ерлан Кошанов партия жанынан арнайы Кәсіпкерлер қанатын құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл құрылымда бизнесті қолдау және кәсіпкерлер мен партия арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралатын болады.

Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталып өтті:
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастықтың мүддесін жүйелі түрде қорғап келеді. Бүгінде Палата мен партия арасындағы серіктестік кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз үшін ең бастысы – өңдеу өнеркәсібінің дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды заңнамалық және институционалдық деңгейде шешу. Осы бағытта Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясымен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Қанат Ибраев.
Сонымен қатар өңірлердегі кәсіпкерлердің мәселелерін тиімді шешу мақсатында Палатаның аймақтық әлеуеті партияның өңірлік кеңестерінің мүмкіндіктерімен ұштастырылатыны айтылды.
Отырыста Кәсіпкерлер қанатын құру бизнес үшін партиямен тікелей байланыс орнатудың жаңа арнасын қалыптастыратыны атап өтілді. Осы мақсатта кәсіпкерлердің ел бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жинақтайтын «Ashyk AMANAT» атты қосымша аналитикалық платформа іске қосылады. Аталған платформа бизнес, партия және Үкімет арасындағы ашық әрі тиімді диалогты қамтамасыз етуге бағытталған.