Атырау қаласында Кәсіпкерлер палатасы мен Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

16.04.2026
Атырау қаласында Кәсіпкерлер палатасы мен Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Құжат жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға және олардың гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Келісім жастар бастамаларын қолдауға арналған кешенді шараларды қамтиды. Атап айтқанда, тараптар жастардың мемлекеттік және квазимемлекеттік гранттарға қатысу аясын кеңейтуді, қолжетімді қолдау тетіктері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ кәсіпкерлік, жобалау және бизнес-жоспарлау салаларында консультациялық әрі әдістемелік қолдау көрсетуді көздейді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – жастардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру. Сонымен қатар, грант иегерлері мен жас үміткерлердің еңбек нарығына және бизнес ортаға тиімді бейімделуіне қолдау көрсету жоспарлануда.

Меморандум аясында тараптар гранттық конкурстарды бірлесіп өткізуге, оқыту семинарларын, консультациялар мен ақпараттық кездесулер ұйымдастыруға келісті. Жастарды ақпараттық қолдауға ерекше назар аударылады: гранттық байқаулар туралы ақпарат таратудан бастап, жобалар мен іс-шараларға сарапшыларды, кәсіпкерлерді, бизнес-тренерлер мен спикерлерді тартуға дейінгі жұмыстар қамтылады. Сондай-ақ тараптар арасында тұрақты ақпарат алмасу және жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру көзделген.

«Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Ілияс Үсенғалиевтің айтуынша, меморандумның негізгі мақсаты – ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

«Біз жастарға арналған екі гранттық жобаға – «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Сенің бастамаң» жобаларына басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы бойынша 12 адамға 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі, ал «Сенің бастамаң» жобасы аясында 10 адам 300 мың теңгеден алады. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өзге де іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр», – деді ол.

Меморандумға қол қою өңірдегі жастарды қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам болмақ және олардың бизнес-идеялары мен бастамаларын іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.