Актөбе кәсіпорындарына ірі бизнес өкілдері барды
Бүгін облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өңірдің ірі компаниялары өкілдерінің қатысуымен өндірістік тур ұйымдастырды. Қатысушылар қатарында — «ҚМК Мұнай» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Алтиес Петролеум» ЖШС, «ТНК «Қазхром» АҚ бар.
Іс-шараның мақсаты — жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысу, кооперациялық байланыстарды дамыту және ірі бизнес пен өңірлік өндірушілер арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту.
Тур аясында қатысушылар Актөбе қаласындағы төрт кәсіпорынның жұмысымен танысты.
«Экодэз» ЖШС дезинфекциялық құралдар өндірумен айналысады. Кәсіпорын 12 атаудағы өнім шығарады, оның ішінде хлорлы құралдар, сабын және майлықтар бар. Өндірістік қуаты — 15 мың литрге дейін. Негізгі тапсырыс берушілері — денсаулық сақтау және білім беру мекемелері.

«Aktobe VENT Group» ЖШС коммерциялық мақсаттағы әртүрлі нысандарға, сондай-ақ Актөбе облысындағы ауыр және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған желдету ауа өткізгіштерін өндіреді. Компания өңір нарығын заманауи инженерлік шешімдермен қамтамасыз етеді.

«ПК Гранд» ЖШС тұрмыстық химия өнімдерінің кең ассортиментін шығарады: ыдыс, еден, сантехника, әйнек, плитка және пештерді тазалауға арналған құралдар. Сондай-ақ сұйық сабын мен кір жууға арналған гельдер бар. Кәсіпорын халық пен бизнеске арналған тұрмыстық химия бағытын белсенді дамытып келеді.

«Alash engineering» ЖШС мұнай-газ және тау-кен салаларына арналған резинотехникалық бұйымдар өндіру жобасын іске асыруда. Жобалық қуаты — жылына 100 мың дана өнім. Қазіргі уақытта «ТНК «Қазхром» АҚ үшін тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарға арналған өнімдер шығарылуда. Алдағы аптада «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС және «ҚМК Мұнай» АҚ кен орындарына өнімді сынақтан өткізу және енгізу мақсатында шығу жоспарланған.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай өндірістік турлар тапсырыс берушілер мен өндірушілер арасында тікелей диалог орнатуға, даму нүктелерін жедел анықтауға және жергілікті қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шараға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ешмұратов, өнеркәсіптік даму бөлімінің басшысы Арман Қабылов, Меруерт Қосмамбетова - бас маман сондай-ақ Өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық даму бөлімінің басшысы Динара Смагулова қатысты.

