Инвестициядан реформаларға дейін: Қанат Шарлапаев Абай облысында бірқатар кездесу өткізді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев іс-сапармен Абай облысына барып, өңір әкімімен кездесу өткізді, сондай-ақ кәсіпкерлермен кеңейтілген жиынға қатысып, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорының қызметімен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі іскерлік ахуалды, инвестициялық әлеуетті және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болды.
Абай облысы – ел үшін стратегиялық маңызы бар, өнеркәсіптік, аграрлық және көліктік-логистикалық әлеуеті жоғары өңір. Мұнда шамамен 596 мың адам тұрады, 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 2,38 трлн теңге болып, 7,1 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 616,2 млрд теңгеге жетті. «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингісінің қорытындысына сәйкес Абай облысы ел бойынша 4-орынға ие болды, бұл өңірдегі кәсіпкерлік ортаның даму тұрақтылығын көрсетеді.
Облыс әкімі Берік Уәлимен өткен кездесуде Қанат Шарлапаев өңірдің ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтіп, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін айтты.

«Абай облысы – Қазақстанның шығысындағы стратегиялық маңызы бар, транзиттік-логистикалық, аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар, ол өңірдің жаңа экономикалық серпін алып, отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналып келе жатқанын да атап өтті.


Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Марат Суйчиновтың модераторлығымен және кәсіпкерлер мен прокуратура органдарының қатысуымен өткен кеңейтілген кездесуде бизнес-ортаны дамыту бағыттары мен кәсіпкерлер кездесетін жүйелі кедергілер талқыланды. Қанат Шарлапаев Ұлттық палатаның жаңартылған тәсілдерін таныстырып, «Атамекен өңірлерден басталатынын» атап өтті және бизнес өкілдерімен тікелей диалог жүргізу мен жергілікті мәселелерге жедел әрекет етудің маңызын айқындады.


Сондай-ақ, ол шешімдер нақты деректер мен экономикалық талдау негізінде қабылдануға тиіс екенін айтып, сараптамалық және аналитикалық жұмысты күшейту басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Ішкі кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығына тоқталып, «микро, шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі тірегі болуға тиіс» екенін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде облыстық прокуратура өкілдері өңірде бизнестің заңды мүддесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, негізсіз тексерулердің алдын алу және әкімшілік қысымды азайтуға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.


Кездесу барысында кәсіпкерлер бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда, логистикалық шығындарды өтеу тетіктерінің жоқтығы, энергетика саласындағы инфрақұрылымдық шектеулер, сондай-ақ отандық өндірушілердің кейбір инвестициялық жобаларға қол жеткізу мәселелері сөз болды.

Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды аралады. «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-да майлы дақылдарды өңдеуге арналған, өнімін әлемнің 15-тен астам еліне экспорттайтын ірі өндірістік кешенмен танысты.



«Agrolider KAZ» ЖШС-да Еуропа, Азия және Африка елдеріне экспортталатын, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған бұршақ және майлы дақылдарды өңдеу жобасы таныстырылды.



«Техноавиа-Казахстан» ЖШС-да жаңғыртылған тігін өндірісі көрсетілді. 2024 жылы жаңа қуаттар іске қосылып, заманауи автоматтандырылған жабдық орнатылған, бұл еңбек өнімділігін арттырып, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік берген.


«Казполиграф» ЖШС жоғары технологиялық деңгейі, экологиялық стандарттарға сәйкестігі және экспорт үлесінің жоғары болуымен ерекшеленетін заманауи қаптама өндірісін таныстырды. Кәсіпорын 600-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді және сериялық, сондай-ақ жеке тапсырыстармен жұмыс істейді.

«Eurasia Agro Semey» ЖШС-да ет өңдеу кешені жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын тәулігіне 100 бас ірі қара/жылқы және 1000 бас ұсақ мал союға арналған желілермен, ауысымына 5 тонна өнім өндіретін шұжық цехымен және 12 тонна өнім шығаратын консерві цехымен жабдықталуда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 7,7 млрд теңге. Оның аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылады.


Сапар қорытындысы бойынша Абай облысында экономикалық өсімнің тұрақты динамикасы, инвестициялық портфельдің кеңеюі және өнеркәсіптік базаның нығаюы байқалатыны атап өтілді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірмен жүйелі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға дайын екенін растады.