Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы елдегі алғашқы еңбек дауларының алдын алу жөніндегі Меморандумға қол қоюды қолдады

17.04.2026
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы елдегі алғашқы еңбек дауларының алдын алу жөніндегі Меморандумға қол қоюды қолдады

Ақтөбе қаласында «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен еңбек жанжалдарының алдын алуға бағытталған Меморандумға қол қойылды. Елде алғаш рет еңбек инспекциясы жанынан медиация кабинеті ашылады. Бұл жұмыс берушілер мен қызметкерлерге дауды сотқа жеткізбей, айыппұл санкцияларына жол бермей, өзара ымыраға келуге мүмкіндік береді.

Құжат мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының, кәсіподақтардың және құқық қорғау институттарының күш-жігерін біріктіріп, еңбек дауларының алдын алу және әлеуметтік шиеленісті төмендету бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюға бағытталған.
Меморандум тараптары: «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» РММ, облыстық Кәсіподақтар орталығы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ Батыс Қазақстан өңірлік филиалы.
Құжатқа Еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Искарин, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов, облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Кенжебай Избасар және «Халықаралық құқық қорғау орталығы» өңірлік филиалының басшысы Арман Жылгелді қол қойды.

Изображение

Талғат Искариннің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері өңірде мұндай еңбек даулары бойынша ресми өтініштер мен қараулар тіркелмеген. Соған қарамастан, медиация кабинетінің ашылуы — алдын алу бағытындағы маңызды қадам. Бұл бастама мәселені ушықтырмай, алдын ала шешуге мүмкіндік береді. Аталған Меморандум — елдегі осындай алғашқы тәжірибе.

«Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ өңірлік филиалының басшысы Арман Жылгелді бұл жаңашылдықтың маңызын атап өтті:
«Осы форматтың арқасында алдағы уақытта жұмыс берушілерге қатысты шағымдар саны азайып, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артады. Медиация барысында әрбір тарап тыңдалып, түсіністікке қол жеткізіледі, ал дау өзара келісім арқылы бейбіт жағдайда шешіледі. Бұл тараптардың моральдық және материалдық шығындарын азайтып, дауларды жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деді Арман Жылгелді.

Өз кезегінде облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Кенжебай Избасар қызметкерлердің құқықтарын қорғауда диалогтың маңызын атап өтті:
«Кәсіподақтар үшін еңбек адамының мүддесін ең бастапқы кезеңде қорғау – басым бағыт. Медиация кабинеті – бұл жұмыс беруші мен қызметкердің келіссөз үстеліне отырып, мәселені ушықтырмай шешуге мүмкіндік беретін өркениетті алаң. Бұл қадам өңірдегі еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады деп сенеміз», – деді ол.

Изображение

«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеу үшін жағдай жасау – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Палата жанында мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотпен бірлескен медиация кабинеті табысты жұмыс істеп, бизнес дауларын шешуде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Енді осы тәжірибені еңбек қатынастары саласына да енгізіп отырмыз. Еңбек инспекциясы жанындағы медиация кабинеті бизнес пен қызметкерлерге дауларды құқықтық алаңда, қатаң әкімшілік шараларға жеткізбей шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ӨКП өкілі Руслан Куйшинов.

Изображение

Меморандум аясында тараптар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, дөңгелек үстелдер мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға келісті. Ерекше назар жұмыс берушілер мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік әріптестік мәдениетін дамытуға аударылады.

Бұл тетікті іске асыру тек дауларды жедел шешуге ғана емес, сонымен қатар өңірдің іскерлік ахуалын нығайтуға да ықпал етеді.

ИзображениеИзображение