Цифрлық жүйелер ретке келтіріледі. Қаржы министрлігі бизнес сынына жауап берді

17.04.2026
Цифрлық жүйелер ретке келтіріледі. Қаржы министрлігі бизнес сынына жауап берді

Журыда «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің басты тақырыбы – ақпараттық жүйелердің жұмысын жақсарту және салық төлеушілермен сапалы кері байланыс орнату.

Бүгінде МКК-нің цифрлық платформалары мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әрекеттестіктің негізі болып отыр. Жүйе ауқымын ескере отырып, цифрлық платформаларды дамыту тұрақты мониторинг пен туындайтын мәселелерді жедел түзетіп отыруды талап етеді. МКК жүйелерінің тұрақтылығы бизнес жүргізудің тиімділігіне тікелей әсер ететіндіктен аталмыш кездесудің маңызы зор.

Қазіргі таңда мемлекет толық цифрландыруды жариялағанымен, кәсіпкерлер бағдарламалық қателер алдында қорғансыз қалып отырған жағдай байқалады.

«Қате берешек анықтамаларына байланысты шоттардың бұғатталуы, жеке шоттардағы шатасулар, деректерді беру кезіндегі ақаулар – мұның бәрі жұмыстың тұралап қалуына, келісімшарттардың бұзылуына және бизнестің өзі жіберген кінәрәттары үшін емес, мемлекеттік жүйелердің жетілмегендігінен төлейтін айыппұлдарға әкеледі», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов проблемалардың бар екенін жоққа шығармаса да, ауқымды трансформациялық үдеріс кезінде техникалық қиындықтардың орын алатынына және бұған түсіністікпен қарау керектігіне тоқталды.

Оның айтуынша, ведомство сервистердің тұрақты жұмысына және кәсіпкерлердің ұсыныстарына ашық болуға ерекше мән береді.

«Біз жүйелеріміздің үздіксіз жұмыс істеуі бизнес үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Қаржы министрлігі IT-инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлерден түсетін барлық мәселелер мұқият қаралып, әрқайсысы бойынша техникалық шешімдер қабылданады. Ортақ мақсатымыз – адал бизнес үшін әкімшілендіруді барынша бөгетсіз әрі ыңғайлы ету», – деді Әсет Тұрысов.

Сондай-ақ вице-министр ЭШФ АЖ жүйесіндегі деректерді синхрондау және 328-нысан жұмысы бойынша бірқатар техникалық жаңартулар жүргізілгенін, бұл кідірістерді азайтуға тиіс екенін атап өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлер нақты мысалдар келтіріп, пікірталас қыза түсті.

Мысалы, ірі ритейл компаниялары ЭШФ АЖ жүйесіндегі шектеулерге шағымданды. Жүйе бір уақытта 10 мыңнан астам құжатты жүктеуге мүмкіндік бермейді, бұл ірі орындаушылардың жұмысын тежейді.

Құрылыс саласы да күрделі жағдайды атап өтті: МКК қауіпсіздік жүйелері 1С-тен келетін автоматты сұраныстарды DDoS-шабуыл деп қабылдап, компаниялардың IP-мекенжайларын бұғаттайды.

Сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары сәуірдің ортасында іске қосылған «KEDEN» жүйесінен кейін жағдайдың қиындағанын алға тартады. Декларациялар «қатып қалады», ал қате кодтар тауар карталарының иесіне ескертусіз жойылып кетеді.

Осыған байланысты Тимур Жаркенов тек қателерді жедел түзетумен шектелмей, сервистерді жақсартуға көшу қажеттігін атап өтті.

«Мемлекеттік органдардың диалогқа дайын екенін көріп отырмыз. Ең бастысы – негізгі жұмыстар проблемалардың алдын алуға бағытталуы керек. Жүйелердің жай-күйі туралы бизнесті алдын ала хабардар ету кәсіпкерлер мен МКК техникалық қолдау қызметіне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады», – деді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық палатаға бизнестен бір реттік техникалық ақауларға да, жүйелік мәселелерге де қатысты шағымдар көп түседі.

«Проблемалық бағыттар бойынша жұмысты жүйелі түрде жолға қою қажет. Олардың қатарында – берешек туралы анықтамаларды алу, жеке шоттардағы деректердің дұрыстығы, 328-нысанның жұмысы, ПТЖТ қалыптастыру, сондай-ақ банк шоттарын бұғаттау мәселелері бар», – дейді Тимур Жаркенов.

«Атамекен» өкілі техникалық ақаулар кезінде ақпараттың жетіспейтінін де атап өтті. ҰКП МКК-не алдын ала хабарламалар немесе жедел баспасөз хабарламаларын шығарып, ақаулардың себептерін түсіндіріп, салық төлеушілерге нақты ұсыныстар беру қажет алға тартты. Бұл бизнеске тәуекелдерді азайтып, бейхабарлық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Кездесу барысында МКК қолдау қызметінің жұмысына қатысты да сын айтылды. Бизнес өкілдері өтініштерге формалды түрде ғана көңіл бөлініп мен дұрыс өңделмейтініне шағымданды.

Жаркенов наурыз-сәуір айларында жолданған кейбір сұрақтар әлі күнге дейін жауапсыз тұрғанын айтты. Соның ішінде, кәсіпкерлер  ЭШФ (электронды шот-фактуралар) АЖ бойынша түсініктеме күтуде.

«Жиналған мәселелерді қарау мерзімін жеделдетіп қана қоймай, кері байланыстың сапасын арттыру маңызды. Кейбір бағыттар бойынша әлі күнге дейін жауап жоқ, сондықтан осы өтініштердің мәртебесі мен нақты шешу мерзімдері туралы өзекті ақпарат беруді сұраймыз», – деді ол.

Өзара іс-қимылды жақсарту үшін Әсет Тұрысов жаңа қолдау арналары дамытылатынын хабарлады. Атап айтқанда, 1464 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығын іске қосу жоспарланған, ол кәсіпкерлерге техникалық ақаулар бойынша жедел кеңес алуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Кәсіпкерлерге техникалық қолдау қызметіне өтініш беру тәртібін сақтау және қайталанатын сұраныстарды болдырмау үшін ресми жауаптарды күту ұсынылды.

Өз кезегінде «Атамекен» министрліктің ерекше назарын талап ететін күрделі жағдайларды жинақтауды жалғастырады.

Практикалық қадамдардың бірі ретінде бизнес бағдарламалық жасақтаманы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен үйлесімді интеграциялау үшін есеп жүйелерін әзірлеушілермен бірқатар техникалық кездесулер өткізу жоспарланды. Мұндай ынтымақтастық форматы салықтық әкімшілендірудің цифрлық ортасын анағұрлым сенімді әрі болжамды етуге мүмкіндік береді.