Павлодар кәсіпкерлері ақылы жағажайларды қоршап, сервитут қалдырған жағдайда заңды бұзбайды
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен азаматтардың су айдындарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңес өтті. Бейнеконференция режимінде оған барлық өңірлер, соның ішінде Павлодар облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Ертіс өңірінің бизнес өкілдері қатысты.

Кеңеске сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің су саясаты департаментінің, Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, бассейндік инспекциялардың, бизнес және өңірлік кәсіпкерлер палаталары дирекцияларының өкілдері қатысты. ҚР ҰКП орталық аппаратының мәліметінше, жиында айтылғандай, туристік аймақтарды жазғы маусымға дайындау және халықтың жаппай демалыс орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мәселесі 27 қаңтардағы Үкімет отырысының хаттамасына енгізілген. Соған сәйкес Экология министрлігі мен Су ресурстары министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерінің су нысандарына қол жеткізу тетіктерін әзірлеу тапсырылған. Бұл мәселе «Amanat» партиясының үйлестіру кеңесінде де қаралып, енді ҚР ҰКП алаңында талқылауға шығарылды.
Павлодар облысындағы Маралды көлінде демалыс аймағына иелік ететін кәсіпкер Гүлмира Отарғалиева Жер кодексінің 69-бабына («Қоғамдық сервитут — көршілес немесе өзге де жер учаскесін шектеулі пайдалану құқығы») қатысты сұрақ қойды.

«Біздің демалыс аймағымыз ұзындығы 26 шақырым болатын жағалау сызығы бар көлге қол жеткізуді шектемейді. Соның ішінде 500 метр – біздің жағажай. Яғни біз суға қол жеткізуге кедергі келтірмейміз. Адамдарды өз аумағымыз арқылы өткізбей, 20-30 метр жерде еш кедергісіз суға өтетін жол бар екенін көрсететін белгі қоюға құқығымыз бар ма?» – деп ол орталық мемлекеттік органдарға жүгінді.
Кәсіпкер демалыс аймағында демалушылардың қауіпсіздігіне оның туристік компаниясы жауап беретінін атап өтті. Құтқарушылар қызметін төлеу мен оқыту, жедел жәрдемнің кезекшілігін қамтамасыз ету – бәрі де оның компаниясының есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар фельдшер келісімшарт негізінде жалданған.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі біз қызметтеріміз үшін ақы алуға құқылы екенімізді айтады. Бірақ материалдық емес қызметтер де бар: жағажайды күн сайын тазалау, қоқыс шығару, тазалық қызметкерлерін ұстау, демалыс аймағын интернетпен қамту, коммерциялық тарифпен төленетін электр қуаты, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жұмысы. Біз “су үшін” ақы алмаймыз, осының бәрін қамтитын қызметтер кешенін ұсынамыз», – деді ол.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері былай деп түсіндірді: «Егер сіздің демалыс аймағыңыз қоршалған болса және қоршау суға дейін жетпесе, яғни мен 500 метр жүріп, басқа тегін жағалауға шығып, сіздің қоршауыңыздың қарсы бетінде орналасқан жағажайға бара алсам, сондай-ақ сіз сервитутты – өз учаскеңіз арқылы өтетін жолды қамтамасыз етсеңіз, онда сіз ешқандай заң бұзбайсыз».

Министрлік өкілі ведомство халыққа жағажайларды қоршап, қызметтер кешенін ұсынатын, бірақ сервитутты қамтамасыз ететін туризм бизнесі субъектілері заңды бұзбайтынын түсіндіруі тиіс екенін айтты. «Дәл осы жерде ғана тегін демалғысы келетін» азаматтардың шағымдары негізсіз. Себебі жанында суға қолжетімді тегін аумақтар бар, онда ештеңе төлемей демалуға болады.
«Біз заң аясында бизнестің құқықтарын ешқандай түрде бұзуды көздемейміз. Сіздердің қызмет үшін ақы алуға құқықтарыңыз бар, бірақ су айдынына қолжетімділікті толық шектеуге болмайды. Сонымен қатар азаматтардың суға қол жеткізу құқығы бар, бірақ олардың да міндеттері бар», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
ҚР ҰКП орталық аппаратында екі министрлікпен бұл мәселені қосымша талқылау жоспарланып отырғаны айтылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да ақылы жағажайлар болған жағдайда су айдындарына қол жеткізу ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өйткені өткен жылы әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар кәсіпкерлерді жағажайларға тегін кіргізбей отыр деп айыптаған бейнелер жариялаған. Алайда бұл талап заңсыз, өйткені жанында тегін жағалау бар, ал оған сервитут арқылы, тіпті ақылы жағажай аумағы арқылы да өтіп, тегін демалуға болады.
