Қалаға деген қамқорлық: Ақтөбелік іскер әйелдер «Таза Қазақстан» акциясын қолдады
Кәсіпкер әйелдер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі құр сөз емес, нақты іс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері игі дәстүрді жалғап, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы кезекті екіайлыққа шықты.
Бірнеше жылдан бері олар Абай даңғылындағы ұлы ақын ескерткішінің маңын өз қамқорлығына алған. Бұл жер — мәдени мұра мен туған қалаға деген сүйіспеншіліктің символына айналған мекен. Бұл жолы акцияға қатысушылар ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді: ескерткішті мұқият жуып-тазалады; қыстан қалған қоқыс пен лайдан арылтты; талдарды әктеп, іргелес аумақты ретке келтірді.
Бұл — тек бастамасы ғана. Алда әлі талай сенбіліктер бар. Кәсіпкерлер қаланы жасыл желекке бөлеп, жайлы ете түсу үшін жас көшеттер отырғызуды жоспарлап отыр.
Маңызды жайт - бұл аумаққа деген қамқорлық маусымдық науқандармен шектелмейді. Іскер әйелдер кеңесі жыл бойы осы учаскеге шефтік көмек көрсетіп, қаланың қолайлы ортасын қалыптастыруға атсалысып келеді.
Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова мұндай бастамалар қоғамды біріктіруге тиіс екенін атап өтті.
«Ешкім де шетте қалмауы керек. Қала тазалығы — баршамызға ортақ жауапкершілік. Біз барлық тұрғындарды, соның ішінде бизнес өкілдерін туған жер тағдырына бейжай қарамай, оның дамуына үлес қосуға шақырамыз», — деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясы тағы бір шындықтың бетін ашты: бизнес пен қоғам жұдырықтай жұмылғанда, қаланың келбеті ғана өзгеріп қоймайды, жауапкершілік пен жасампаздықтың жаңа мәдениеті қалыптасады.