«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика мен АӨК үшін фискалдық кедергілерді қайта қарауды сұрайды

21.04.2026
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика мен АӨК үшін фискалдық кедергілерді қайта қарауды сұрайды

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2026 жылдың басынан бастап отандық бизнеске айтарлықтай салмақ түсірген бірқатар салықтық және әкімшілік жаңашылдықтарды жедел түрде қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин жетекшілік еткен Жобалық кеңсенің 12-отырысының қорытындысына сәйкес кәсіпкерлердің алаңдауға негізі бар екені расталып отыр.

20 сәуірде өткен Жобалық кеңсе отырысының негізгі тақырыптарының бірі – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген 493.00 жаңа салық есептілігі («Үшінші тұлғаларға көрсетілген қызметтер туралы мәліметтер»). «Атамекен» ұстанымына сәйкес, бұл талапты іс жүзінде орындау тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялардың көбі үшін мүмкін болмай отыр.

Атап айтқанда, бизнес қауымдастық алдынан бірқатар мәселелер шығып отыр. Соның ішінде ақпараттың жеткіліксіздігі – форма тасымалдаушыларда жоқ деректерді талап етеді. Әлі күнге дейін есепті компаниялар ма, экспедиторлар ма, әлде жеке кәсіпкерлер тапсыруы тиіс пе, нақты айқындалмаған. Сонымен қатар ЭШФ, Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар және 328.00 нысандары секілді салық органдарында бар мәліметтердің басым бөлігі қайта сұратылады.

«Біз сервис моделіне қайта оралуды ұсынамыз – мұндай мәліметтерді міндетті тоқсан сайынғы есептілік ретінде енгізбей, тек күмән туындаған жағдайда сұрату керек. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет бұл бастаманы қолдап, Қаржы министрлігіне мерзімдер мен міндетті тұлғалар тізімін қайта қарау, сондай-ақ форманы жеңілдету тапсырылды», – деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Палата кәсіпкерлерден 493.00 формасын жеңілдету бойынша ұсыныстар қабылдауды бастады және ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін бизнес өкілдерінің сараптамалық пікірлерін күтеді.

ҚР жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылған ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімдері бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға қысқарту көзделген. Бұл экспорт кезінде бұрын төленген кіріс ҚҚС-ның тек 20%-ы ғана қайтарылатынын білдіреді.

 Есеп жұмыстары көрсетіп отырғандай, қазіргі нарықтық жағдайда экспорттаушылар қайтарылмайтын ҚҚС-ты өтеу үшін ішкі нарықтағы сатып алу бағаларын төмендетуге мәжбүр болады. Фермерлер табысы жыл сайын 110 млрд теңгеге дейін төмендеу ықтималдылығы бар. Ал жұмсақ бидай өндірушілері үшін шығын 61,6 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Мұндай шаралар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін мемлекеттік субсидиялардың тиімділігін жоққа шығарады. Табыстың 12,8%-ға төмендеуі банкроттыққа және салаға тартылатын инвестициялардың қысқаруына әкелуі мүмкін.

«Біз ҚҚС-ын толық өтеудің бұрынғы тәртібін қайтаруды сұраймыз. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрі орынбасарының ерекше бақылауына алынды және фермерлерден бастап салалық министрліктерге дейінгі барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ҰКП алаңында қосымша қаралады», – деп атап өтті Ұлттық палата.

Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексі айналым қаражатын алып қою тетігі емес, экономиканы дамыту құралы болуы тиіс деген ұстанымды жүйелі түрде қорғауды жалғастыратынын жеткізді.