Өсуге бағдар: ақмолалық кәсіпкерлерге кәсіпті кеңейту құралдары таныстырылды
Бүгін Кокшетау қаласында бизнесті дамыту және оны жаңа деңгейге шығару бойынша салалық сарапшылардың қатысуымен ауқымды кездесу өтті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл іс-шараны Central Asian Association of Franchising (CAAF) ұйымымен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл шара елдің ондаған қаласын қамтитын ірі республикалық турдың кезекті кезеңі.
Кездесу барысында CAAF сарапшылары теориямен ғана шектелмей, тәжірибелік кейстерді талдап, бизнесті дамытуға арналған тиімді құралдарды таныстырды. Қатысушыларға филиал ашу, жаңа нарықтарға шығу, сондай-ақ франчайзинг арқылы кеңею мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек мұндай кездесулердің тек білім беру алаңы емес, өңірдегі кәсіпкерлік ортаны жүйелі түрде дамытуға бағытталғанын айтты.
«Мұндай жобалардың маңызы зор: онда теориялық білім ғана емес, нақты шешімдер ұсынылады — қаржылық модельден бастап басқару жүйесін қалыптастыруға дейін бәрі қамтылған. Біздің міндет — кәсіпкерлерге жергілікті деңгейден шығып, ауқымды ойлауға мүмкіндік беру, олардың бизнесі бір қалада ғана емес, бүкіл ел көлемінде жұмыс істей алатынына қатысты сенім қалыптастыру», — деді Ерқанат Мұсылманбек.

Іс-шараның практикалық бөлігі ерекше қызығушылық тудырды. «Жергілікті брендтен ұлттық брендке қалай айналуға болады» атты сессияда «UNB Consulting» ЖШС сарапшысы Елена Узнаева маржиналдық табыс, жалпы пайда және кіріс құрылымы сияқты негізгі қаржылық көрсеткіштерді жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға ақша ағындарын басқаруға арналған авторлық кесте ұсынылды.
IT саласының сарапшысы, «Prodvig» ЖК директоры Жасұлан Мештаев бизнесті цифрландырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, CRM жүйелерін енгізу және процестерді автоматтандыру компанияларға тұрақсыздық жағдайында да тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
«Дағдарыс кезінде ең мықтылар емес, ең жүйелі компаниялар өміршең болады. Егер бизнесте ашық есеп, нақты сатылым воронкасы және тиімді мотивация жүйесі болмаса, ол әлсіз болады. Автоматтандыру — бұл жай ғана ыңғайлылық емес, бұл бақылау мен басқару құралы», — деді спикер.
Жобаның бастамашыларының бірі — «Атамекен» ҰКП Шағын жә орта кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының басшысы Гүлбану Майғарина кәсіпкерлердің көбіне бизнесін кеңейту кезеңінде қиындықтарға тап болатынын атап өтті.
«Бүгінде көптеген кәсіпкердің өз ісі бар. Алайда кеңею мәселесі туындағанда,: филиалды қайда ашу, сапаны қалай сақтау, қашықтан басқару мүмкін бе деген бірқатар сұрақ пайда болады. Жоба осы сұрақтарға жауап беруге бағытталған. Тур барысында біз бизнестің өсуіне қажетті негізгі элементтерді кезең-кезеңімен қарастырамыз — бренд қалыптастырудан бастап тұрақты бизнес-модель құруға, басқару процестерін жолға қоюға және франчайзингке дайындыққа дейін талдаймыз. Басты мақсат — кәсіпкерлерге теория ғана емес, тәжірибеде қолдануға болатын нақты құралдар беру», — деп түсіндірді Гүлбану Майғарина.
Айта кетейік, кездесулер 2026 жылғы 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында Қазақстанның 17 қаласында өтіп жатыр. Тур бағдарламасы бизнестің өсу нүктелерін анықтауға, практикалық кейстерді талдауға және жүйелі шешімдерді енгізуге бағытталған. Қатысушылар есеп жүргізу, бизнес-процестерді оңтайландыру және компанияларды кеңейтуге дайындау бойынша нақты тәсілдерді меңгереді, соның ішінде франчайзинг арқылы дамыту мүмкіндіктері де қарастырылған.
