Стратегиядан өндіріске: ШҚО-да бизнес пен билік арасындағы диалог қалай өрбіді?
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Шығыс Қазақстан облысына іс-сапары өңірдің елдегі индустриялық-аграрлық орталықтардың бірегейі ретінде негізгі рөлін айқындаудан басталды. Бұл жердегі табиғи ресурстар дамыған өнеркәсіптік база мен жоғары деңгейдегі адами капиталмен үйлесім тапқан.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесу барысында Қанат Шарлапаев өңірдің тұрақты даму қарқынын атап өтіп, оның ұлттық экономикадағы маңызына ерекше тоқталды.

«Шығыс Қазақстан облысы – елдің индустриялық қуатының тірегі, түсті металлургия мен энергетиканың стратегиялық орталығы. Бүгінде бұл әлеуетті сақтап қана қоймай, оны инвестициялар арқылы, бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдері арқылы күшейту маңызды», – деді ол.

Өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне де ерекше назар аударылды. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 3,51 трлн теңгеге жетіп, 5,3%-ға өсті. Инвестициялар көлемі 838 млрд теңгеден асқан. Сонымен қатар, кәсіпкерлік ортаны тәуелсіз бағалау нәтижелеріне сүйене отырып, бизнес ахуалды одан әрі жақсарту қажеттілігі атап өтілді. Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңартылған стратегиясының негізгі бағыттарын белгіледі. Олардың қатарында Палатаның өңірлік қатысуын күшейту, терең аналитикалық жұмысқа көшу және тұрақты экономикалық өсімнің негізі ретінде ішкі инвесторларды дамытуға басымдық беру сынды нақты бағыттар бар.
«Біз «Атамекеннің» өңірлерге барынша жақын болғанын қалаймыз. Бизнес дауысы оның қалыптасып жатқан жерінде естілуге тиіс», – деді Палата басшысы.
Сапар аясында Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Тимур Сүлейменовпен кездесу өтті. Онда инвестициялық саясат, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мәселелері талқыланды. ҰКП басшысы инвестициялар экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін, ал инвестициялық саясаттың тиімділігі құқықтық жүйеге деген сенім деңгейіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Инвестор елді алдымен шешімдердің болжамдылығы мен құқығының қорғалу деңгейі арқылы бағалайды. Осы тұрғыда қауіпсіз әрі ашық инвестициялық орта қалыптастыруда прокуратураның рөлі ерекше», – деді Қанат Шарлапаев.
Инвесторларды сүйемелдеудің заманауи құралдары – «прокурорлық сүзгі», «жасыл дәліз», цифрлық инвестициялық платформа және «Цифрлық қадағалау» жүйесі енгізілгені, сондай-ақ бизнес пен бақылаушы органдардың өзара іс-қимылына арналған мобильді сервистердің дамып келе жатқаны атап өтілді.
Бұдан кейін өңір кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев модератор болды.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев кәсіпкерлердің өңір экономикасының негізгі тірегі екенін айтты.
«Кәсіпкерлер – экономикалық тұрақтылықтың негізі. Олар жұмыс орындарын құрып, жаңа өндірістік тізбектер қалыптастырып, өңірлердің дамуын қамтамасыз етеді», – деді Төралқа Төрағасы.

Сондай-ақ бизнесті қорғауды күшейту, аналитикалық функцияны дамыту және өңірлік палаталардың рөлін арттыру секілді «Атамекен» қызметін жаңғыртудың негізгі бағыттары ұсынылды.
Ішкі инвесторлардың маңыздылығы, сондай-ақ мемлекет пен қаржы институттарының қатысуымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде инвестициялық жобаларды жүйелі түрде қалыптастыру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Диалог барысында кәсіпкерлер бірқатар практикалық мәселені көтерді. Олардың қатарында несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, акваөсіру өнімдерін экспорттауда зертханалық сүйемелдеу, аграрлық ғылымды дамыту, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, өндірістік нысандарды техникалық тексеру талаптарын реттеу, сондай-ақ қосарланған мақсаттағы өнімдердің экспорттық және импорттық бақылауы мәселелері бар.

Сапардың келесі кезеңінде Палата басшысы кәсіпорындарды аралап, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің көрмесіне қатысты. Онда өңірдегі шағын бизнес бастамалар, соның ішінде шөп шайлары, бал және бал өнімдері, былғары бұйымдары, сабын жасау және қайта өңделген шикізаттан жасалған өнімдер ұсынылды.

Қанат Шарлапаев өңірдің негізгі өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметімен де танысты. Олардың қатарында толық өндірістік циклі мен заманауи жоғары технологиялы фермалары бар, елдегі ірі сүт өнімдерін өндірушілердің бірі – «Восток-Молоко» корпорациясы бар.



Сонымен қатар делегация экспортқа бағытталған майлы дақылдарды өңдеуші жетекші кәсіпорындардың бірі «ALTAI MAI», сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді, ауыл шаруашылығы өндірісін және мал шаруашылығын біріктіретін Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығын аралады.
ALTAI MAI



Сапар қорытындысы бойынша Қанат Шарлапаев Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті елдің экономикалық тұрақтылығының маңызды негізі екенін атап өтті. Өңірді одан әрі дамыту мемлекет, бизнес және даму институттарының жүйелі әріптестігін талап етеді.
«Біздің міндетіміз – бизнесті жай ғана қолдау емес, оның тұрақты түрде өсуіне, инвестиция салуына, дамуына жағдай жасау», – деп түйіндеді Қанат Шарлапаев.
Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы

