Азаматтық-құқықтық шарттар көлеңкесіндегі алаяқтық: бизнес үшін тәуекелдер мен салдарлар

22.04.2026
Азаматтық-құқықтық шарттар көлеңкесіндегі алаяқтық: бизнес үшін тәуекелдер мен салдарлар

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін өтініштерді талдау стандартты азаматтық-құқықтық шарттар - тауарларды жеткізу, қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау шарттары түрінде жасырынып, жосықсыз схемалардың жүзеге асырылу жағдайларының артқанын көрсетеді. Формалды түрде мұндай қатынастар қолданыстағы заңнама шеңберінде рәсімделеді: тараптар шарттар жасасады, талаптарды айқындайды, құжаттарды ресімдейді және іскерлік хат алмасуды жүргізеді. Алайда бірқатар жағдайларда міндеттемелердің іс жүзінде орындалуы жоқ немесе тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды, бұл кәсіпкерлердің қаржылық шығындарға ұшырауына әкеледі.

Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайларда бастапқы кезеңде толыққанды шаруашылық қызмет пен міндеттемелердің адал орындалуының көрінісі қалыптастырылады. Бұл ретте мәміле жасасу кезеңінде жосықсыз ниетті анықтау айтарлықтай қиын, өйткені сырттай азаматтық-құқықтық қатынастардың барлық формалды белгілері сақталады.

Жәбірленуші тараптардың кейінгі құқықтық ұстанымы ерекше назар аудартады. Әдетте олар мәмілені жарамсыз, жалған немесе бүркемелі деп тану туралы қосымша талаптарды қоймай, тек ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талаптармен сотқа жүгінеді. Мұндай тәсіл өндіріп алу процесін жедел бастауға мүмкіндік береді, алайда мәміленің жасалу және орындалу мән-жайларына кешенді құқықтық баға беруді әрдайым қамтамасыз ете бермейді.

Нәтижесінде дау негізінен азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде қаралады, бұл кейбір жағдайларда тараптардың әрекеттерінің сипатын бағалауды және ықтимал қасақаналықты анықтауды қиындатады. Шарттың формалды түрде болуы көбіне тек шаруашылық даудың бар екендігін дәлелдейтін уәж ретінде пайдаланылып, жағдайдың құқықтық саралануына әсер етеді.

Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда неғұрлым кешенді тәсілдің қажеттілігі атап өтіледі. Мұндай жағдайлар туындаған кезде міндеттемелердің орындалмау фактісін ғана емес, сонымен қатар мәміленің табиғатын, оның жасалу және орындалу мән-жайларын да бағалау маңызды. Тиісті негіздер болған жағдайда мәмілені жарамсыз деп тану мәселесін қарастыру қажет.

Сонымен қатар, ықтимал алаяқтық белгілері анықталған жағдайда кәсіпкерлер тек сот органдарына ғана емес, құқық қорғау органдарына да жүгініп, контрагенттің әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрауға құқылы. Қорғаудың кешенді тетіктерін - азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық құралдарды қатар қолдану жағдайды жан-жақты бағалауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, уақытылы құқықтық әрекет ету, шарттар жасасу кезінде мұқият болу және жәбірленуші тараптың белсенді ұстанымы кәсіпкерлік ортада мұндай тәжірибенің таралуының алдын алуда және тәуекелдерді төмендетуде шешуші мәнге ие