Атамекен ҰКП жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес жұмысы жаңғыртылды

22.04.2026
Атамекен ҰКП жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес жұмысы жаңғыртылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы жаңартылған Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің (КБҰК) алғашқы отырысы өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – корпоративтік басқарудың елдің орнықты дамуындағы рөлін талқылау, акционерлердің, стейкхолдерлердің (директорлар кеңесі мен менеджмент) және мемлекеттің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау, инвестициялық тартымдылықты арттыру, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу.

Инвестициялық тартымдылықтың негізгі факторы

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев корпоративтік басқарудың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда инвестиция тарту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және сапалы инвестициялар ағынын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Изображение

«Корпоративтік басқаруды дамыту – инвесторлар сенімін арттырудың, компаниялардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Бұл өз кезегінде тәуекелдерді азайтып, елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді», – деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясының жақсарып келе жатқанына да тоқталды. Атап айтқанда, IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі Corporate Boards көрсеткіші бойынша Қазақстан 2025 жылы 69 елдің ішінде 28-орынды иеленді (2024 жылы – 34-орын). Дегенмен бұл көрсеткіш елдің толық әлеуетін көрсетіп тұрған жоқ. Орта мерзімді кезеңдегі стратегиялық мақсатымыз – үздік 20 елдің қатарына еніп, орнығып, үздік 10 елмен бәсекелесу.

Кеңес жұмысының нәтижелері

2018 жылы құрылған сәттен бастап Ұлттық кеңес корпоративтік басқару стандарттарын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарды.

Атап айтқанда:

– Қазақстан Республикасының корпоративтік басқару кодексі әзірленді;

– мемлекеттік және жеке компанияларға арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды;

– тәуелсіз директорлар институтын дамыту жөніндегі ұсынымдар әзірленді;

– ESG және орнықты даму бойынша әдіснамалар енгізілді;

– корпоративтік басқару деңгейін бағалау және рейтингтеу құралдары жасалды.

2021 жылы Кеңестің мәртебесі мен өкілеттіктерін бекітетін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Ал 2022 жылы Үкімет, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Атамекен» ҰКП арасында корпоративтік басқаруды дамыту мәселелері бойынша келісімге қол қойылды.

 

Изображение

Жүйелі тәсіл және Кеңесті жаңғырту

Отырыс барысында корпоративтік басқару жүйесінің қазіргі жағдайы талқыланып, оның әлі де фрагменттік сипатта екені атап өтілді. Бұл саладағы функциялар түрлі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдар арасында бөлініп кеткендіктен, тәсілдер бірізділігі сақталмаған. Осыған байланысты елде корпоративтік басқаруды тиімді дамытуға бағытталған жүйелі саясат қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар Кеңес қызметін қайта жандандыру туралы шешім қабылданып, оның құрамын жаңартып, жаңа мақсаттар мен міндеттерін айқындап, практикалық нәтижелерге бағыттау көзделіп отыр.

ҰКП Президиумының шешімімен Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы болып Қамбар Омаров сайланды. Қанат Шарлапаев оның кәсіби тәжірибесі мен терең сараптамалық білімі Кеңес жұмысына жаңа серпін беретінін атап өтті.

 

Изображение

Алдағы жоспарлар

Кеңес қызметін қайта жандандыру аясында корпоративтік басқару стандарттарын жаңарту, акционерлік қоғамдардағы тәжірибеге жыл сайын мониторинг жүргізу, «comply or explain» қағидатын енгізу, корпоративтік басқару бойынша ұлттық шолу әзірлеу, сондай-ақ бизнес пен мемлекет арасындағы диалогты күшейту жоспарланып отыр.