Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған жаңа бастамалар талқыланды
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында өңірде әйелдер үшін қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру және Өңірлік әйелдер конгресін ұйымдастыру бастамасы талқыланды. Қатысушылар әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін арттыруға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуге ерекше назар аударды.
Отырыс аясында Салааралық кеңестің төрайымы Салтанат Төлегенова әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, алдағы уақытта Түркістан облысында өткізу жоспарланып отырған Өңірлік әйелдер конгресінің тұжырымдамасы таныстырылды. Аталған конгресс әйел кәсіпкерлерді, түрлі сала өкілдерін және қоғамдық ұйымдарды біріктіретін маңызды диалог алаңына айналмақ.
Іс-шараның негізгі аудиториясы ретінде әйел кәсіпкерлер, әртүрлі салалардың өкілдері және өңірдің іскерлік қауымдастығының белсенді мүшелері белгіленді. Спикерлер қатарында мемлекеттік органдар өкілдері, бизнес қауымдастық мүшелері мен шақырылған сарапшылардың қатысуы жоспарланып отыр.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Әуелбеков конгрестің маңыздылығына тоқталып өтті:
«Өңірлік әйелдер конгресі – кәсіпкерлер үшін тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты шешімдер қабылданатын, тәжірибе бөлісу мен жаңа серіктестіктер қалыптасатын маңызды платформа болады», – деді Ербол Әуелбеков.

Қатысушылар кәсіпкерлер үшін тиімді коммуникациялық алаң құрудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай алаң өзекті мәселелерге жауап алуға, соның ішінде өткізу нарықтарына қол жеткізу, мемлекеттік реттеу және бизнесті дамыту бағыттарында пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Конгресті заманауи форматта өткізу көзделіп отыр. Бағдарламада интерактивті пікірталас алаңдары, нетворкинг-сессиялар және іскерлік байланыстар орнатуға арналған B2B кездесулер қарастырылған.

Жиын қорытындысы бойынша Өңірлік әйелдер конгресін дайындау және өткізу жұмыстарын жалғастыру туралы шешім қабылданды.
