Қарағанды облысында «Бір ауыл — бір өнім» жобасы бойынша көшпелі кездесулер басталды

23.04.2026
Қарағанды облысында «Бір ауыл — бір өнім» жобасы бойынша көшпелі кездесулер басталды

Қарағанды облысында 2026 жылға арналған «Бір ауыл — бір өнім» жобасын іске асыру аясында көшпелі кездесулер басталды. Алғашқы кездесу Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында өтіп, оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен ауданның бизнес қауымдастығы қатысты.
Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Қасымованың айтуынша, өңірде жергілікті ресурстар негізінде өнім өндіруді дамытуға және оны нарыққа ілгерілетуге бағытталған жобаға қатысу үшін өтінімдер қабылдау ашық.

Кездесу барысында қатысушыларға жобаға қатысу шарттары мен мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Жоба аясында кәсіпкерлерге мамандардың кеңесі, өнімді жетілдіру және оны ілгерілету бойынша қолдау, өңірлік көрмелерге қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ 5 млн теңгеге дейін грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Финалистер өз өнімдерін республикалық деңгейде ұсынып, жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болады.

«Жоба жергілікті брендтерді қалыптастыруға бағытталған. Өнім өндірумен қатар, оны дұрыс қаптап, нарыққа шығара білу маңызды», — деп атап өтті Меруерт Қасымова.

Табысты тәжірибе ретінде сүт өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкер Қантарбаева Жанар Қырғызовнаның жобасы таныстырылды. Ол жоба аясында 5 млн теңге көлемінде грант алып, өндірістік цех ашып, ірімшік өндіруге арналған жабдық сатып алған және жаңа жұмыс орындарын құрған. Бүгінде оның өнімдері Астана мен Қарағанды қалаларында сатылуда.

Кәсіпкер үш жыл бойы «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысып, биыл жобаның финалисті атанды.

Кездесу барысында бизнес өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша да сұрақтар қойды. Негізгі сұрақтар несиелер мен гранттарды алу, өтінімдерді бағалау критерийлері және бас тарту себептеріне қатысты болды.

Сонымен қатар, бизнесті кеңейту мүмкіндіктері, жаңа бағыттар ашу кезінде бағдарламаларға қайта қатысу, сондай-ақ «Іскер аймақ» жаңа бағдарламасының шарттары талқыланды.

Кездесуде нақты жобалар да қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығы жобасы сүйемелдеуге алынды. Бұған дейін Палата қолдауымен ашылған жеке балабақша мен шаштараз иелері бизнесті кеңейту жоспарларын білдірді. Сонымен қатар, оқу орталығы да сүйемелдеуге өтінім берген.

Сондай-ақ қатысушыларға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сервистік қолдау құралдары таныстырылды. Кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, маркетинг және бизнес-жоспар әзірлеу бойынша тегін қызметтер ұсынылады. Қарағанды облысында аудандар мен моноқалаларды қамтитын 12 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Бекітілген кестеге сәйкес, көшпелі кездесулер облыстың бірқатар аудан-қалаларын, оның ішінде Ақтоғай ауданы, Балқаш, Приозерск, Осакаров, Нұра, Қарқаралы аудандарын және басқа да өңірлерді қамтиды.