Астанада Metal Former зауыты таныстырылды: жоғары технологиялы өндіріс елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуда
Инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы «Отандық өндірісті дамыту және қолдау» салалық кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген және небәрі 11 ай ішінде салынған жоғары технологиялы Metal Former зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын аумағында бүгінде алюминий профильдері, фиброцемент панельдері, сондай-ақ шатыр және қасбеттік материалдар өндірісі жолға қойылған. Жобаның іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы отандық өндіріс үлесін арттыруға ықпал етуде.
Сапар барысында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин Палата кәсіпкерлік субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде бизнес өкілдері кездесетін жүйелі және проблемалық мәселелерді шешуге ықпал етуге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол компанияны Палатаның салалық кеңестері құрамына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай алаңдар салалық бастамаларды талқылауға, өзекті мәселелерді көтеруге және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар елдің индустриялық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және отандық өнеркәсіптің тұрақты дамуына негіз қалыптастыруға ықпал етеді.