Қостанай облысында «Тәлімгерлік мектебі» оқыту курсы басталды
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпорындарының тәлімгерлеріне арналған оқу курсын бастады. Жобаны іске асырудың алғашқы алаңы ретінде TEHNOPARK KZ автомобиль компаниясы таңдалды.
Екі күндік қарқынды оқу курсы 16 академиялық сағатты құрап, «Жұмыс орнындағы педагогика. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» тақырыбына арналды. Оқуға кәсіпорынның болашақ жас мамандарға тәлімгер болатын 11 қызметкері қатысты.
Курс бағдарламасы екі тақырыптық блокқа бөлінді. Бірінші күні қатысушылар кәсіби дағдыларды тиімді беру әдістерін талдай отырып, өндірістік алаңдағы педагогиканың ерекшеліктерін зерттеді. Екінші күн болашақ мамандарды оқыту психологиясы мен ынталандыру мәселелеріне арналды. Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.
«Тәлімгерлік мектебі» — өңірдегі дуальды білім беруді дамытудың жаңартылған форматы. Жобаның стратегиялық мақсаты — жыл сайын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қызметкерлерінің арасынан 100 білікті тәлімгер даярлау. Биылғы маңызды жаңалық — Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Дәмекен Жұмекенованың аттестаттау өткізуге және сертификаттар беруге ресми құқық беретін мамандандырылған оқудан өтуі.
Тәлімгерлерді даярлау бағдарламасы кәсіби қоғамдастықта жоғары бағаланды.
TEHNOPARK KZ өндірістік цехының автоэлектригі Мағжан Жұмабаев мұндай курстардың тәжірибеде өте маңызды және қажет екенін атап өтті: «Өзіңнің жұмыс істей алуың бір бөлек, ал басқаларды сауатты үйрету мүлдем басқа дүние. Тәлімгерлік толыққанды педагогикалық процеске айналып келеді, ал мұндай білім бізге жастарды оқытуда неғұрлым тиімді болуға көмектеседі».
Бұл жобаны іске асыру теория мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ кәсіпорындарды нақты өндіріс жағдайына дайын білікті кадрлармен қамтамасыз етеді.