Бизнес шешім ұсынады: ШҚО-да жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама талқыланды
Өскемен қаласында жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру тәсілдерін талқылау өтті. Онда бизнес және қоғам өкілдері ашықтықты арттыру мен кәсіпкерлерді қорғаудың нақты тетіктерін ұсынды.
Іс-шара ел Президенті жанындағы тиісті комиссияның тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама шеңберінде ұйымдастырылды.
Талқылауға 30-ға жуық адам қатысты — мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, жастар ұйымдарының, азаматтық сектордың өкілдері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы.
Белсенді қатысушылардың бірі ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова болды. Ол өз сөзінде мемлекеттік сатып алу саласында және инвесторларды қорғауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді күшейту қажеттігіне назар аударды.
«Мемлекеттік сатып алу шарттарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпелерді міндетті түрде енгізуді бекіту қажет», – деп ұсынды Айжан Аблаевна.
Оның пікірінше, мұндай ережелер тараптардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау жөніндегі қатаң міндеттемелерін, заңсыз пайда алуға және беруге тыйым салуды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға итермелеу фактілері туралы хабарлау міндетін қамтуы тиіс.
Сонымен қатар, бұзушылықтар анықталған жағдайда шартты біржақты бұзу құқығын және айыппұл санкцияларын қолдануды бекіту ұсынылды. Тәсілдерді біріздендіру үшін Айжан Жангирханова сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпенің үлгілік нысанын бекітуді қажет деп санайды.
Ұсыныстардың жеке блогы инвесторларды қорғауға қатысты болды. Негізгі бастамалар қатарында құқықтық кепілдіктерді күшейту, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды болдырмау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз ету және бизнес шағымдарын жедел қарау бар. Сондай-ақ әкімшілік кедергілер жасағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ШҚО бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Ержан Айкымбековтің айтуынша, барлық айтылған бастамалар қатысушылар тарапынан қосымша жазбаша түрде жолданып, жинақталып, одан әрі қарау үшін агенттіктің орталық аппаратына жіберіледі.