Ақмола облысында балалар лагерлерін лицензиялау мәселесі қайта көтерілді
Ақмола облысында балалар демалысы саласында жұмыс істейтін туризм бизнесі үшін маусымдық балалар сауықтыру лагерлерін лицензиялау талаптары әлі де өзекті болып отыр. Бұл мәселе Кәсіпкерлер палатасының Туризм жөніндегі салалық кеңесінде бірнеше рет талқыланып, саланың дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі ретінде қалып отыр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсетуге лицензия алу талаптары маусымдық лагерлердің жұмыс ерекшелігін толық ескермейді. Соның салдарынан кейбір нормалар артық немесе іс жүзінде орындауға қиын.
Талқылау қорытындысы бойынша бизнес өкілдері қолданыстағы талаптарды жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныс енгізді.
Атап айтқанда, лагер басшыларына қойылатын педагогикалық өтіл талабын қайта қарау ұсынылады. Сала өкілдері үшін бастысы — бизнес иесінің педагог болуы емес, балалармен тікелей жұмыс істейтін білікті маманның болуы.
Медициналық қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Қазіргі талаптарға сәйкес медициналық қызметке лицензия тек заңды тұлғаларға беріледі, бұл жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты лагерлерге емханалармен, СВА және ФАП ұйымдарымен шарт негізінде қызмет көрсету мүмкіндігін енгізу ұсынылуда.
Сонымен қатар кәсіпкерлер біліктілік талаптарынан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерге қатысты нормаларды алып тастап, бұл функцияларды тиісті бақылаушы органдар құзыретінде қалдыруды ұсынады.
Мүліктік талаптар бөлігінде активтерге иелік ету немесе жалға алу мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту ұсынылды. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесіне сәйкес келеді.
Қауіпсіздік талаптары бойынша да қайталанатын нормалар мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, бейнебақылау, дабыл түймелері, күзет және өткізу режиміне қатысты талаптардың қайталанатыны айтылды. Оларды біліктілік талаптарынан алып тастап, рұқсат беру рәсімдері аясында реттеу ұсынылады. Бұл ретте объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспорты міндетті түрде сақталуы тиіс.
Көлікпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша да өзгерістер ұсынылды. Кәсіпкерлер өз автокөлігінің болуын міндеттейтін талаптан бас тартып, балаларды лицензияланған тасымалдаушылар арқылы шарт негізінде жеткізуге мүмкіндік беруді сұрайды.
Сонымен қатар балалар лагерлері туралы толық әрі сенімді ақпаратты қамтитын бірыңғай республикалық портал құру және балалар сауықтыру орталықтарын қолдау үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын енгізу қажеттігі айтылды.
Аталған ұсыныстар салалық министрлік деңгейінде де қаралды. Ақмола облысы Балалар және жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арасындағы кездесуде бастамалар одан әрі қарастыруға қабылданды. Тараптар жазғы маусым басталғанға дейін жеке лагерлердің қатысуымен талқылауды жалғастыруға келісті.