Жеңіл өнеркәсіпті не тежейді?
Елордада мемлекет, бизнес және жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіби қауымдастығы өкілдерін біріктірген Kazakhstan Textile Industry Forum 2026 өтті.
Форумға «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ерлан Бакаев қатысып, «Тоқыма өнеркәсібін мемлекеттік қолдау шаралары» атты сессия аясында баяндама жасады.
Ерлан Бакаев өз сөзінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті: 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 260 млрд теңгеге жетіп, соңғы 10 жылда 3,6 есеге артқан. Әйтсе де, сала әлі де бірқатар жүйелі сын-қатерлерге тап болуда.

Негізгі тежеуші факторлардың бірі – импорттық өнім үлесінің жоғары болуы. Ішкі нарық көлемі, шамамен, 3,5 млрд АҚШ долларын құраса, оның 92%-ға жуығы импортқа тиесілі. Бұл қазақстандық өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін шектеп, кәсіпорындардың тұрақтылығына әсер етеді.
Қазіргі таңда салада 1,4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 97%-дан астамы – шағын және орта бизнес субъектілері. Салада 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған, олардың басым бөлігі әйелдер (60%), бұл саланың жоғары әлеуметтік маңыздылығын айқындайды.
«Атамекен» ҰКП бизнес тарапынан түсетін сұраныстарды жинақтай отырып:
· шикізат базасы мен терең өңдеудің жеткіліксіз дамуы;
· инфрақұрылымдық шектеулер;
· «көлеңкелі» нарық үлесінің жоғары болуы;
· тұрақты ішкі сұранысты қалыптастыру қажеттілігі секілді тоқыма өнеркәсібінің дамуын тежейтін бірқатар жүйелі кедергілерді атап өтті.
Мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мәселелеріне, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламаларын қоса алғанда, құралдардың кең ауқымы болғанына қарамастан, кәсіпкерлер оларды саланың ерекшеліктеріне бейімдеуді жалғастыру қажеттігіне назар аудару қаждеттігін алға тартады.

2026 жылғы ҚР Үкіметінің №149 қаулысымен бекітілген, қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алулардағы өзгерістер бизнес тарапынан оң бағаланды. Бұл шаралар кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және сұранысты тұрақтандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП пікірінше, саланы дамытудың келесі кезеңі өнеркәсіптік саясаттың бірыңғай әрі үйлестірілген жүйесін қалыптастырумен байланысты болуы тиіс. Ол қолдау шараларының, қаржыландырудың, инфрақұрылымның, сатып алулардың және экспортты ілгерілетудің өзара тиімді үйлесуін қамтамасыз етуі қажет.
«Тоқыма өнеркәсібі – тек өндіріс қана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту және шикізатты ел ішінде өңдеу мәселесі. Саланың әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары, ал оны іске асыру мемлекеттік саясаттың тиімділігіне және оның бизнес үшін нақты қолжетімділігіне тікелей байланысты», – деп атап өтті Ерлан Бакаев.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес мүдделерін қорғау және Қазақстанның тоқыма мен жеңіл өнеркәсібінің тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстар әзірлеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.