Бизнесті масштабтау: Теориядан практикаға
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан кәсіпкерлеріне бизнесті кеңейту мен масштабтауға бағытталған республикалық турды іске асыруда. Осы жоба аясындағы кезекті кездесу Абай облысында өтті.
Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында еліміздің 17 қаласын қамтитын бұл бастама шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің өз ісін жаңа деңгейге шығаруына мүмкіндік беруді көздейді. Жобаны «Атамекен» ҰКП мен Central Asian Association of Franchising (CAAF) бірлесіп жүзеге асыруда.
Абай облысында өткен кездесуде негізгі назар бизнесті жүйелеу мен ауқымын кеңейту тетіктеріне аударылды. Сарапшылар филиалдар ашу, жаңа нарықтарға шығу, франчайзинг арқылы даму мүмкіндіктерін түсіндіріп, нақты тәжірибелер негізінде тиімді шешімдерді ұсынды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді жиі толғандыратын бизнесті қашықтан басқару, сапаны сақтай отырып өсу және басқару процестерін жолға қою мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Сүйчинов қатысып, өңір кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті. Ал жобаның бастамашыларының бірі – «Атамекен» ҰКП ШОБ дамыту комитетінің төрағасы Г.Майгарина бизнесті масштабтаудың нақты құралдарына тоқталды.
Кездесу практикалық форматта өтіп, қатысушыларға бизнес-процестерді жүйелеу, есеп пен басқаруды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ бизнесті франчайзинг форматына бейімдеу бағыттары бойынша пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік берді.