Қазақстандық жүргізушілер үшін Ресей аумағында болу мерзімі екі есе ұлғайтылды

29.04.2026
Қазақстандық жүргізушілер үшін Ресей аумағында болу мерзімі екі есе ұлғайтылды

Мәскеу мен Астана халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерге қатысты көші-қон ережелерін жеңілдету жөніндегі келісімдерді бекітті. Ресейде болудың рұқсат етілген мерзімін екі есе арттыратын жаңа нормалар 2026 жылдың жазында күшіне енеді.

Соңғы жылдары қазақстандық тасымалдаушылар қатаң шектеулер жағдайында жұмыс істеді.

Еске салайық, Ресей заңнамасы күшейтілгеннен кейін визасыз режимдегі шетел азаматтарының болу мерзімі күнтізбелік жыл ішінде 90 күнмен шектелген болатын.

Бұл норма логистика саласындағы елеулі кедергіге айналды:

  • 90 күндік лимит Ресейге кіру және шығу санына қарамастан есептелді;

  • Ресейде болу мерзіміне Беларусь Республикасында өткізілген күндер де қосылды;

  • Лимиттен асып кету әкімшілік қамауға, депортацияға және Ресей аумағына 5 жылға дейін кіруге тыйым салуға дейін әкелді.

«Атамекен» ҰКП ЕАЭО елдерінің үкіметтері және Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізіп, санкцияға іліккен жүргізушілерге қойылған шектеулерді алып тастау және алыс бағыттағы жүк көлігі жүргізушілерін «90 күн» қағидасынан толық шығару мақсатына жетті.

Жаңа қаулы: мерзім екі есе ұзартылды

Үкіметаралық келіссөздердің нәтижесінде Ресей Үкіметінің 2026 жылғы 27 сәуірдегі №467 қаулысы қабылданып, оған Михаил Мишустин қол қойды. Құжат ТМД елдерінен келген жүргізушілердің жұмыс режиміне түбегейлі өзгерістер енгізеді:

  • Халықаралық тасымалмен айналысатын кәсіби жүргізушілер үшін уақытша болу мерзімі күнтізбелік жыл ішінде жиынтық түрде 180 тәулікке дейін ұлғайтылды;

  • Жеңілдік халықаралық автотасымал саласында жұмыс істейтін ТМД елдері мен Грузия азаматтарына қолданылады;

  • 180 күн болу құқығын алу үшін шетел азаматтары белгіленген тәртіппен тиісті өтініш беруі тиіс.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

 Құжат 2026 жылдың 30 маусымынан бастап заңды күшіне енеді.

«Атамекен» ҰКП қазақстандық тасымалдаушыларды 30 маусымға дейін қазіргі қолданыстағы ережелерді (90 күн) сақтауға шақырады. Қаулы ресми түрде күшіне енгенге дейін депортация және Ресейге кіруге тыйым салу қаупі сақталады.

Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, бұл шешім Алматы – Санкт-Петербург бағыты немесе Еуропаға транзит сияқты ұзақ рейстерге кедергі келтірген әкімшілік тосқауылдарды жояды. Енді көлік компанияларына күн лимиті таусылғандықтан шекарада жүргізушілерді шұғыл ауыстырудың қажеті болмайды.

Жедел көмекке арналған байланыс нөмірлері

Шекарада оқыс жағдайлар туындаған немесе көші-қон рәсімдеріне қатысты сұрақтар болған жағдайда, тасымалдаушылар «Атамекен» ҰКП мамандарына жүгіне алады:

  • Ермұханов Қуаныш Қыдырғалиұлы (Логистика және тасымалдау департаменті): +7 700 111 39 75

  • Зекенова Айжан Жақсылыққызы (Экономикалық интеграция департаменті): +7 775 573 71 46